Шымкент: Дүкеннен азық-түлік алып, ақшасын төлемей кеткен азамат ұсталды
Сауда сөресінен ішіп-жемін тегін алғысы келіп, құнын төлемей кеткен. Оқиға Шымкент қаласындағы азық-түлік дүкендерінің бірінде, күндізгі уақытта орын алды.
Бұл жайт бойынша 2022 жылдың 10-қазанында, Абай ауданының Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Ол арызында, бөгде азамат өзіне тиесілі дүкеннен шұжық, нан, ірімшік өнімдерін алып, кассирге телефон қосымшасындағы жалған түбіртекті көрсетіп, оқиға орнынан бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Жалпы келтірілген шығын – 58 850 теңгені құраған.
Аталған жайт ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Абай АПБ-ның қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, күдікті азаматтың жеке басы анықталып, тәулік ішінде ұсталды. Ол жергілікті жердің тұрғыны болып шықты. Жасы — 43-те, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Қазіргі кезде ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, бұл заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын жеткізді.
Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі