ТҮРКІСТАН: БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ПАТРИОТТЫҚ БАЙҚАУЛАРДА БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ
Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарында 25 қазан — Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар патриоттық бағыттағы байқаулармен, түрлі акциялармен жалғасуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Жандос Маханбетов мәлім етті.
Спикердің айтуынша, облыс аумағында Республика күнін мерекелеуде жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттыру, елжандылықты насихаттау бағытында түрлі патриоттық акциялар, шығармашылық байқаулар, фотокөрме, телешоулар ұйымдастырылуда.
– Еліміз үшін 25 қазан күні – аса маңызды даталардың бірі. Себебі, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы орайда, облыстың білім беру мекемелерінде Республика күніне байланысты 10-25 қазан күндері 3000-нан аса іс-шара өтеді. Аталған іс-шаралар еліміздің Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігі тарапынан қабылданған іс-шара жоспарлары негізінде жүргізілуде, — деді басқарма өкілі.
Жандос Маханбетұлының мәлімдеуінше, Республика күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар 17 қазанда басталған. Іс-шара жоспарына сәйкес, облыс ұстаздары мен оқушыларының, колледж студенттерінің қатысуымен «Отаным – Жүрегімде» әлеуметтік желілердегі Отан, Жер ана, Туған жер тақырыптарында мәнерлеп оқу байқауы, «Атамекен» тақырыбындағы патриоттық диктант жазу және оқушылар, студенттер және жастар ұйымдарының өкілдері арасында «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбындағы эссе байқауы өткізілді.
Сондай-ақ «Қыран елім – Қазақстан» жалпы республикалық патриоттық акциясы шеңберінде оқырмандар конкурсы, колледж студенттері арасында «Туған елімнің мен патриотымын» облыстық шығармашылық байқауы, «Текті сөздің төресі» тақырыбында арнау айту байқауы мерекенің маңызын айшықтай түспек.
Бұдан бөлек, «TuranBalafest» үздік өнерпаздар телешоуы мен «Күлтегін» зияткерлік ойыны телебағдарламасының республика күніне арналған арнайы мерекелік шығарылымы жоспарға сәйкес өткізілуде.
Сонымен қатар, мектептерде «Жасыл челлендж» арнайы іс-шарасы аясында білім саласы ардагерлері мен оқушылардың экологиялық акциясы ұйымдастырылады.
Айта кетсек, 21 қазанда өңірдегі барлық мектеп пен колледждерде Республика күніне арналған салтанатты жиын өтеді. Онда оқушылар мен студенттер әнұранды орындайды. Сол күні оқу озаттары марапатталып, барлық білім ордасында «Қазақстан – туған жерім, туған елім!» тақырыбында республикалық сынып сағаты өтеді.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі