ОҚО-да жыл соңына дейін 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы игерілмей қалуы мүмкін

Оңтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін 1,5 млрд теңгеден астам қаржы игерілмей қалуы мүмкін.  Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен селекторлық мәжілісте сөз болды. Алқалы жиында, сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жайы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте 8 айда атқарылған жұмыстар пысықталды. Жиында  Облыстық экономика және жоспарлау басқармасы басшысы Арман Сабитовтың есебі тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, облыста әрбір сала бойынша ілгерілеушілік бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 527 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Десе де  бекітілген жоспардың барысы талқыланып, жылдың соңына дейін игерілмей қалады-ау деген бірқатар салалар қамтылды. «Қаржыны игеру мақсатында қала, аудан әкімдерімен бірге облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық,  құрылыс басқармаларының басшылары білек сыбана жұмысқа кірісуі тиіс», — деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржыны қалған үш айда толық игеру міндеті Шымкент қаласы мен Ордабасы, Сарыағаш ауданы әкімдіктеріне жүктелді. Инвестиция тарту, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында жұмысты жандандыру қала, аудан әкімдеріне қатаң тапсырылды. Аймақ басшысы тапсырманы орындамағандар қызметімен де қоштасуы мүмкін екенін ескертті.

 

Дереккөз: inform.kz

Автор: Айнұр Ақбаева

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.