Шымкент: Екі тәулікте жасөспірімдердің қатысуымен 150-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды
Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасын тұрақты түрде өткізіп келеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — қала аумағында кәмелет жасына толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі уақытта ойын – сауық орындарында болған, ата-анасының бақылауынсыз жүрген балаларды анықтау.
Арнайы рейдтің екі тәулігінде кәмелет жасына толмағандарға қатысты 141 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде: 9 жасөспірім – түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде болған, 108 бала – заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген. ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 9 ата-анаға әкімшілік шара көрілді.
Сондай-ақ, ойын-сауық мекемелерінің иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 132 бабымен (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) 6 хаттама толтырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 14 жасөспірім және ата-аналық міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін 12 жайсыз отбасы есепке алынды.
Айта кетейік, қала көлемінде қолға алынған «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы 5-қарашаға дейін жалғасады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі