Шымкент: Ұялы телефонын қоңырау шалуға сұрап, аз уақытта ақшасын алып кеткен түркістандық тұрғын ұсталды
Көмектесемін деп, опық жеді. Қалта телефонын уақытша сұраған азаматқа қарасып, құрал қаптамасында болған қаржысынан айырылды. Оқиға Шымкент қаласында орын алған.
Абай ауданы Полиция басқармасының «102» арнасына 26 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, 2022 жылдың 24-қазанында, түскі сағат 12:30 шамасында қала көшелердің бірінде бейтаныс азамат досына шұғыл қоңырау шалып алу үшін ұялы телефонын уақытша сұрап алып, оның сыртқы қабында тұрған ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін көрсеткен. Жалпы келтірілген шығын көлемі 30 мың теңгені құраған.
Аталған жайт ҚР ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 21 жастағы азамат анықталып, тиісті басқармаға жеткізілді. Ол – Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты. Жұмыссыз.
Тергеу барысында ұсталған азамат заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді.
Өз кезегінде, Шымкент қаласының полиция қызметкерлері бейтаныс адамдарға ұялы телефонды сеніп тапсырмауға кеңес береді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі