ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ САҚТАУ – ҰЛЫ МІНДЕТ
Тату елге қашанда тақсырет жуымайды. Демек еліміздегі сан ұлттың ынтымағын сақтау, бірлігін бекемдей түсу – басты міндет. Бүгінде елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сай ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Шымкент қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Сонымен қатар қалада ұлтаралық татулыққа, этносаралық бірлікке бағытталған шаралар жиі ұйымдастырылып, бұл межелі іске «Қоғамдық келісім» мекемесі де көп үлес қосуда.
Мәселен таяуда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің, Тұрғын үй басқармасының, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері Ескі шаһар тұрғындарымен кездесіп, онда қоғам тұрақтылығын сақтау, этносаралық ахуал, елдің ішкі бірлігін нығайту, өзара сыйластықты арттыру, жастар арасындағы тәрбие, отансүйгіштікке баулу, тұрғын үй т.б. мәселелер айтылып, өзара пікір алмасылды.
Сондай-ақ “Қазақтану” жобасы аясында, 25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Шымкент қаласындағы Достық үйінде қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастырған «Мың жүйрік» республикалық ағартушылық жобасының жеңімпаз-дарын марапаттау рәсімі өтті.
Онлайн түрде өткен байқауға республика аумағында тұратын этнос өкілдерінің 5-12 жас аралығындағы мемлекеттік тілді еркін меңгерген 531 балалары қатысты. Байқау соңында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы М.Шотанов республиканың әртүрлі өңірлерінен келген байқау жеңімпаздарын марапаттап, оларға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Сонымен бірге Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің бастамасымен Шымкент қалалық “Оқушылар сарайы” МКҚК ғимаратында «Корей этносының мәдениеті күні» іс-шарасы өтіп, оған Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы, қалалық ҚХА мүшелері, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан өңірлерінен келген корей этникалық қауымдастығының өкілдері, қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, қалалық «Арофат» мектеп-гимназиясының ұжымы және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара корей этностық қауымдастығы өкілдерінің Қазақстанға күштеп қоныс аударуының 85 жылдығына арналды. Жиынға қатысушылар зұлмат жылдары көрген қиыншылықтар туралы мұрағат құжаттарында баяндалған тарихи деректер жөнінде пікір алмасып, корей этноқауымдастығы өкілдерінің Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлестерін баяндады.
Жиын барысында Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің қызметі, азаматтық қоғамдастықтың қаламыздың тыныс-тіршілігіне қосып жатқан үлесі кеңінен сөз болды.
Шымкент қаласының қоғамдық- саяси дамуында жарқын із қалдырған корей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелеріне қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Ал М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау және деструктивті діни ағымдардың алдын алу мақсатында кездесу өткізілді.
Іс-шараға Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Рухани жаңғыру және тәрбие» бөлімінің басшысы, қалалық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісінің орынбасары Қ.Анарбаев, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы М.Бесбаев, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы», дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
Кездесуде жастар арасындағы тәрбие, ұлттық құндылықтар, жастарды отансүйгіштікке баулу мәселелері қозғалып, ұлт араздығы мен діни түсініспеушіліктердің алдын алу мәселесі жөнінде түсінік берілді.
Сондай-ақ, қоғам тұрақтылығын сақтау, жастардың әскер алдындағы борышын өтеу, өзара сыйластықты арттыру жөнінде айтылып, өзара пікір алмасулар жасалды.
Ал Қазақстан халқы Ассамблея-сы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысында
ішкі тұрақтылық пен этносаралық татулықты бекемдеу жайы әңгіме өзегіне айналып, жиынға қатысқан қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттеріне тоқталып, азаматтық қоғам өкілдерін халық пен билік арасындағы ықпалдастықты нәтижелі арттыруға шақырды.
Белгілі қоғам қайраткері, кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиевтің жетекшілігімен өткен жиында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қаралып, Абай ауданы әкімдігінің этносаралық саясатты ілгерілетудегі жұмыс барысы сараланды.
Өз кезегінде сөз алған Абай ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Көшікбаев 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қоғамдық келісім кеңесінің» маңыздылығына тоқталып:
– Қоғамдық келісімді сақтау және этносаралық даулардың алдын алу мақсатында ақпараттық насихаттық топ құрылған. Оның құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ұлықпан Башенов, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары және басқа да қызметкерлер енгізілген. Биыл медиация туралы заңын тұрғындар арасында насихаттау бойынша Қатынкөпір, Қызылжар, Қазығұрт шағынаудандарында үш кездесу өткізіліп, 200 ден астам тұрғын қамтылды, — деді.
Сонымен бірге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» және «Жастар ресурстық орталығы» мекемелерінің, дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі қызметкерлерінің қатысуымен «Болашақ» жоғары колледжі мен «Мирас» колледжінің студенттерімен кездесу өтті.
Жиында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттау және деструктивті теріс діни ағымдардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесуде жастар арасындағы тәрбие, ұлттық құндылықтар, жастарды отансүйгіштікке баулу, мәселелері қозғалып, ұлт араздығы мен діни түсініспеушіліктердің алдын алу мәселесі жөнінде түсінік берілді.
Жастардың ұлтаралық татулық дегенді ұғынып, ұлттық, қоғамдық құндылықтардың бағасына жете біліп, заңға бағынуы өте маңызды. Осыған орай Шымкент қаласы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында ұлтаралық татулық мәселесіне қатысты түрлі іс-шараларды жиі ұйымдастырып жүр. Жалпы ондағы жастармен өткен кездесулерге Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Аманкелді Нұрдәулет, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ-нің эксперті Жұмабаева Балнұр т.б. мамандар жиі қатысып жүр. Бұл келелі кездесулерде «Жастар арасында ұлтаралық татулық»,«Жат ағымдардың сыртқы көрінісіндегі және мінезіндегі өзгешіліктері, олардың алдын алу жолдары» атты тақырыпта сөз қозғалып, оның мән-мағынасы түсіндірілді. Халықтың бірлігі – Қазақстанның барлық жетістіктерінің кілті екендігі айтылды. Өйткені, ұлтаралық қатынас мәдениеті ұлттардың айырмашылығына, тіліне, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына құрметпен қарауынан басталады.
Тарқата айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2018 жылғы 20 қарашадағы шешімімен Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеу ережесі бекітіліп, 2021 жылғы 22 қарашада қайта жаңартылған болатын. Осы ережеге сәйкес Шымкент қаласы бойынша республикалық этномәдени бірлестіктердің филиалдары мен жергілікті этномәдени бірлестіктер қоғамдық аккредиттеуден өтуде.
Қазіргі кезде Шымкент қаласында 17 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды.
2019 және 2022 жылдары аралығында қалалық ҚХА этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредиттеу жөніндегі комиссиясы тарапынан 15 этномәдени бірлестік қоғамдық аккредиттеуден өткен болатын.
Ал 9 қыркүйек күні аккредиттеу комиссиясында 6 этномәдени бірлестіктердің (корей, грузин, армян, еврей, грек, шешен-ингуш) өтініштері қаралып, олар комиссия шешімімен аккредитациядан өткізілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда бірлігі мен ынтымағы жарасқан, мақсаты мен мұраты тоғысқан 120-дан астам ұлт пен 20-ға жуық конфессия өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл толерантты мемлекет екенімізді айғақтайтын бірден-бір көрсеткіш. Ұлтаралық татулық пен дінаралық толеранттылық – Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың басты кепілі болып қала бермек.
Толеранттылық дегеніміз – өзгелердің діни сеніміне шыдамдылық пен төзімділік таныту ғана емес, сонымен қатар олардың сеніміне сый-құрметпен қарау дегенді білдірсе керек. Осы жетістігіміздің арқасында елімізде дінге сенушілер бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, діни бірлестіктер өз қызметтерін емін-еркін атқаруда. Бұл қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына үлкен септігін тигізді.
Әрине, дінаралық татулыққа бірден қол жеткізу оңай болмады. Ел тарихы – көптеген аумалы-төкпелі оқиғалардың куәгері. Халықтың өмірі, оның тілі мен діні жойылудың аз-ақ алдында тұрған да кездер болған. Қазақ халқы аса ауыр сынақтан өтіп, тәуелсіздігін алды, мемлекетін құрды. Біз секілді мың өліп, мың тірілген ұлттар қарап отырсақ саусақпен санарлық. Сондықтан Қазақстан халқы елдіктің іргетасын нығайтатын бірлік пен татулық құндылықтарына айрықша мән беріп, қастер тұтып келеді. Демек Шымкент қаласында да этносаралық татулықты ұлықтай отырып, конфессияаралық келісімді нығайта түсіп, жаңғыру жолынан да жаңылмай, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үдерісі өз жалғасын таба беретін болса, шығар белесіміз де аз болмайды.
З.Бигельдинова.