ҚАРА БОЛСАҢ ДА, ХАН БОЛСАҢ ДА, КІСІЛІК КЕЛБЕТІҢ БОЛУЫ КЕРЕК
АМАЛБЕК ТШАНОВ
Қазіргі кезде көп нәрсе өзгеріп кетті ғой. Жастайымыздан үлкендердің тәрбиесін көріп, солардың айтқанынан шықпай жүргендіктен кейінгі көп жайттарға көңіліміз толмай жататыны да рас. Бұрын базарға, не дүкенге бару әйелдердің шаруасы еді, қазіргі кезде базарда ер кісілер сауда жасап тұрады. Нарық шіркін бізге бәрін үйретті ғой. Қазақ «Ауруын жасырған өледі» дейді. Кейінгі жастардың тәрбиесіне көңіліміз толмайтын жерлері де бар. Бұдан біраз жыл бұрын қала көшесінде екі қазақ қызының бір-бірін аймалап тұрғанын көріп, бойымдағы қаным басыма шапқан еді. Заманның өзгергені болар, бұрынғы ата-бабамыздан қалыптасқан ұлттық құндылықтарды жоғалта бастағандай әсерде жүретініміз бар. Бұған кім кінәлі деген сауал жиі мазалайды. Жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, әуелі қазақ екенімізді естен шығармайтындай ықпалды жұмыс істеу қажеттігі туындайды. Иә, адамның жас ерекшелігіне байланысты ойлау қабілеті де өзгеріп жататыны рас болса керек.
* * *
Қай кезде де тамақ қауіпсіздігі – мемлекетіміздегі ең көкейкесті мәселесі болуы керек. Қайта құру басталғанда дүкендер қаңырап, жейтін тамақ болмаса, қазір керісінше тауарлардың түрінен сөрелер қайысады. Супермаркеттерде самсап тұрған азық-түліктің көбін жеуге болмайды. Түрлі тамақтандыру орындарын ашып, санитарлық ережелері қадағаланбайтын өнімдер дайындап, адам ағзасына қауіпті дәрілермен мал семіртіп жатқандарды, тізе берсең көп, барлығының әрекеті ұлттық қауіпсіздік қатарында, қатаң бақылауда болуы тиіс. Өсіп келе жатқан ұрпағымызға қайсысы зиян, қайсысы пайдалы? Ұлттың болашағы бүгінгі жеткіншіктердің денсаулығы мен тәрбиесіне тәуелді екенін тәтпіштеп түсіндіріп отырудың өзі артық.
* * *
Мәжілістегі қызметіме көңілім толмағаны рас. Парламент Жоғарғы кеңес емес. Бастапқыда қуатты болып көрінгенімен, бірте-бірте қауқары төмендей бастады. Үнсіз бас шұлғи беретіндер көбейді. Пікірталас, қызу талқы азая бастады. Біраз келелі мәселелер көтеріп, сан түйткілдің шешілуіне мұрындық болсақ та, Мәжілісте отырған жеті жылда халыққа көп пайдам тиді деп айта алмаймын. Егер сол жеті жылда күш-қуатымды басқа салаға бағыттап, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан болсам, өзім үшін де, халық үшін игілікті істер тындырар ма едім деп ойлаймын.
Айлық жетеді, бас ауырып, балтыр сыздайтын жұмыс жоқ, құлақ тыныш. Құдайға шүкір, кеудеде депутаттың дербес құқықтылығын көрсететін төсбелгіміз бар…
Қазір депуттаттарды халық сайламайды. Партиялық тізім бойынша депутатты депутат сайлайды. Сондықтан Парламенттің халықпен байланысы әлсірегені рас. Егер тұрғындар сайлар болса, үміткерлер елдің ортасына барып, жақынырақ тілдесер еді. Жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап, оларды шешудің жолдарын іздейді. Жоба-жоспарын ұсынып, оны орындау тетіктерін қарастырады. Қысқасы, халықтың көңілінен шығу үшін тер төгеді. Нәтижесінде халық өз үдесінен шыққан азаматтарды таңдар еді деп ойлаймын.
* * *
Бұрын біз белгілі бір биіктікке жету жолында үлкен мектептен өтуіміз керек болса, қазір шетелдің оқу орнын бітірді деген дипломың болса жайлы жұмыс, жұмсақ креслоға жетудің жолы төте. Еңбек етпеген, қиындық көрмеген жастардың өзі туралы пікірі жоғары болады. Болдым, толдым деп ойлайды. Өз-өзіне көңілі толған адамда әрі қарай даму болмайтыны белгілі. Демек,
бұл жүйе өскелең ұрпаққа кері әсерін тигізуі мүмкін. Мен қашанда жастардың жағындамын.
Өйткені олар – елдің ертеңі. Келешегіміздің қандай боларын айқындайтын да – солар. Сондықтан олар білім алумен ғана шектелмей, өмір мектебінен өтуі шарт. Өмір мектебі дегеніміз не? Бұл, ең әуелі, адамгершілік негіздері. Қара болсаң да, хан болсаң да, кісілік келбетің болуы керек.
* * *
Мен барлық уақытта халықтың ортасында болдым. Ағайындарым қызықшылығына, тойына шақырады. Ешнәрседен шеттеп қалғаным жоқ. Менен теріс айналғандар – билікқұмарлар. «Ойбай, қасында жүріп қалсақ, біреулер көріп қала ма?» деп қорықты. Мен айтайын, олар түкке тұрмайтын адамдар. Түкке тұрмайды… Адам ешқашан да өз негізін жоғалтпауы тиіс. Досты құдай береді, оны ешқашан да сата алмаймын. Ешкімге жалпақтай алмаймын.
* * *
Басшылық қызметке конкурстық негізде қабылдануы керек. Үміткерге қойылатын басты талап – кәсібилік, тазалық, адалдық, болуы керек.
Біздің қазақ жастары өте талантты. Сондай талантты жастарды саяси көзқарастарына қарамай қызмет істету қажет. Елдегі кемшіліктерді жойып, Жаңа Қазақстанға үлес қоса алатын – солар.
Отыз жылдың ішінде басшылық қызмет істеген адамдардың басым көпшілігі партия, совет және комсомолдың шекпенінен шыққандар еді. Енді олардың да уақыты өтті. Қазіргі кадрлардың дені тілімен ғана жұмыс істейді. Өз саласында қарапайым жұмысшыдан бастап басшы қызметке дейін көтеріліп, өмірді көріп, жұмыс істегендер қалған жоқ. Меніңше, ең алдымен кадрлық саясат жасалуы тиіс.
* * *
Мемлекет тарапынан спортқа жақсы көңіл бөлініп жатыр. Бірақ соның барлығы спортқа жетіп жатыр ма? Бізде әлі де әртүрлі спорт құрылымында, соның ішінде мектеп, колледждерде басшылық етіп жүргендердің көпшілігі телефон арқылы қызметке келген азаматтар. Олардан қандай кәсібилік күтуге болады. Әр қызметке тағайындалар басшыны телефонмен біреудің өтініш айтқанына қарап емес, біліктілігі мен икеміне қарап қою керек. Жаңа Қазақстанда мұның бәрін тоқтататын уақыт жеткен сияқты. Неге соның бәрі конкурспен өтпейді. Ішкі саясатта әкімдерді сайлау арқылы тағайындаймыз деп жатырмыз. Сол сияқты барлық басшыны тәуелсіз комиссия арқылы, конкурспен қабылдау қажет. Өз еңбегімен басшылыққа келген адам міндетті түрде өз жұмысына тиянақты болады. Спортты көтереміз десек, ауыл спортын көтеруден бастағанымыз дұрыс.
Мысалы, 47 миллиардтың орнына қаншама ауылға спорт кешендерін салар едік. Ауыл спортында кезінде спорттың барлық түрі болатын. Жүгіру, ұзындыққа секіру, футбол, волейбол, баскетбол сияқты. Ауылдағы мектептерге соның бәрін қайта дамыту керек. Екіншіден, жастарға жолдама беріп, 2-3 жылға ауылға жіберу қажет. Жастар сол жақта тұрақтап қалу үшін баспанамен қамтамасыз етіп, жалақысын да жоғары коэффициентпен 1,5 есе етіп төлеу керек. Осылай ауылдағы спортпен шұғылданатындардың санын, жаттықтырушыларды көбейтуге болады. Бұл жағдай мамандардың ауылда тұрақтап қалуына септік етпек. Бұл – ауыл спорты өркендейді деген сөз.