АЗАМАТТАР ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ТАҢДАУ ЖАСАЙДЫ
ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалицияның Түркістан облысындағы өкілдері үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда.
Сенімді өкілдер Е.Исақұлов және Б.Абуов Қазығұрт аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, үміткердің сайлауалды бағдарламасының ерекше тұстарына тоқталып, оның әр бағытын түсіндірді. Ауылдарға жағдай жасалып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға басымдық берілетіні айтылып, кандидаттың барлық бастамалары «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталғаны сөз болды.
Сондай-ақ, қоғамдық штаб мүшелері Р.Жұмабаева, А.Утепбаева, Б.Дәрібаева мен М.Юлдашев Кентаудағы Ю.Гагарин атындағы N16 мектеп ұжымымен жүздесті. Іс-шарада сайлауалды бағдарламада қамтылған білім саласына қатысты басымдықтар талқыланды.
— Елімізде білім саласына ерекше назар аударылып келеді. Балалардың білім алуына жайлы орта қалыптастырылатын болады. Педагог мәртебесінің артуы осының дәлелі. Жыл сайын мектеп салу құрылысы артады, мектеп жасына дейінгі балалар балабақшамен толық қамтамасыз етіледі. Білім саласына құйылған инвестиция – ең құнды инвестиция, — деп атап өтті штаб мүшесі Р.Жұмабаева.
Одан бөлек, кандидаттың сенім білдірген өкілдері А.Салимов пен Қ.Қыстаубаев Сарыағаш қаласындағы №4 «Дарын» мектеп-интернатының ұжымымен жиын өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Штаб мүшелері қатысушыларға жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін 100 ірі орталық салынатынын, әрбір оқушының өзі қалаған спорт секциясына, шығармашылық үйірмелерге тегін қатыса алатынын, балалардың денсаулығын жақсарту үшін елімізде 50 сауықтыру лагері ашылатынын атап өтті. Сонымен қатар, мұғалімдердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалатыны сөз болды.
Тиісінше, аталған кездесулерге қатсықан штаб мүшелері сайлаушыларды саяси науқанға белсене атсалысуға, ел болашағы үшін таңдау жасауға шақырды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі