«Банктегі несиелерді жойып беремін»: Шымкентте кезекті алаяқтық жайты анықталды
«Банктегі несие берешектерін жойып беремін» деп тұрғындардан заңсыз ақша алып, айласын асырғандар саны азаймай тұр. Кезекті жайт Шымкент қаласында орын алды.
2022 жылдың 9-қарашасында, сағат 15:44-те Әл-Фараби АПБ-на жергілікті жердің тұрғыны (азаматша) арызданған. Ол өз арызында, бірнеше жылдан бергі танысы «банктен алынған қаржы несиелерін арнайы техникалық жүйе арқылы жойып беремін» деп, 150 000 (жүз елу мың) теңге ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп алғанын жазып көрсеткен.
Аталған дерек ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 46 жастағы тұрғыны болып шықты, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі