ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ 300 АСА АЗАМАТҚА КӨМЕК КӨРСЕТКЕН
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты “Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы” 2000 жылы ашылған. Мекеме кәмелет жасқа толған белгілі тұрғылықты жері жоқ, жеке басын куәләндыратын құжаттары жоқ және шартты түрде сотталған азаматтарға қызмет көрсетеді.
Бұдан бөлек, мекеме өкілдері қызмет алушыларға құжаттарын рәсімдеу, медициналық тексеруден өткізіп, қажет болған жағдайда медициналық ұйымдарға орналастыру, жұмыспен қамту, тұрғын үй кезегіне тұрғызу секілді әлеуметтік көмектер көрсетеді.
Солардың бірі — Мухортова Лидия Ивановна. Тағдырдың жазуымен осы орталыққа келіп түскендердің бірі. Өз балалары болмаған зейнеткер кеңестік құжатпен қалып қойған екен(қызыл паспорт).Мекеме мамандары қарияға толық көмек көрсеткен.
“Мен, әлгі КСРО (Кеңестік социалистік республикалар одағы) заманындағы қызыл паспортпен қалып қойдымғой, оны қайта рәсімдеп жүретін уақытым болмады. Осындағы қызметкер балалар жан-жаққа сұрау салып жүріп осы жақында Қазақстан азаматының жеке куәлігін әперді. Содан кейін, зейнетақымды рәсімдеуге көмек көрсеткен болатын”,- деді Лидия Ивановна.
Жалпы жыл басынан орталықта 42 азаматтың жеке басын анықтайтын құжаты рәсімделген, 5 азаматқа жасына байланысты зейнеткерлік тағайындауға ықпал етілген, 8 азаматқа мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындауға көмек көрсетілген.