Шымкент: «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында кездесу өтті
Ағымдағы жылдың 25—қарашасы мен 10—желтоқсан аралығында республика аумағында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы бастау алды. Аталған іс-шараның мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту мен құқықтық тәрбиені насихаттау.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясының алғашқы күнінде қыз-келіншектермен кездесу өткізді. Абай ауданы Полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар таратты.
«Акция аясында мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда»- дейді полиция подполковнигі.
Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі