Шымкент: Дүкеннен ет ұрлаған азамат ұсталды
2022 жылдың 18-қарашасында Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол арызында, ағымдағы жылдың 13-қарашасында сағат 10:05 шамасында өзінің меншігіндегі сауда үйіне белгісіз тұлға келіп, ондағы сауда сөрелеріндегі ет өнімдерін жасырын түрде жымқырып, бой тасалағандығын жазып көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі – 6374 (алты мың үш жүз жетпіс төрт) теңгені құрап отыр.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 187-бабы 1-бөлігімен (Ұсақ-түйек жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Еңбекші АПБ Криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері қылмысты ашу мақсатында оқиға орнына жедел жетіп, қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдіктінің тұрғылықты мекенжайын анықтап, тәулік ішінде қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 30 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындады.
Қазіргі кезде күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі