Шымкент: Шетелге жұмысқа тұрамын деп, 2 млн. теңгесінен айырылды
«Шетелге жұмысқа орналастырып беремін» деп, алдын ала сыйақы ретінде ақшасын алып, алдап кеткен. Оқиға Шымкент қаласында орын алды.
Әл-Фараби ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, танысы «Щвецияға жүк көлігінің жүргізушісі ретінде тұрақты жұмысқа орналастырып беремін» деп алдын ала 1 842 500 (бір миллион сегіз жүз қырық екі мың бес жүз) теңгесін алып, осы уақытқа дейін уәдесін орындамай немесе ақшасын қайтармай алаяқтық жолмен алдап жүргенін көрсеткен.
Аталған дерек ҚК-тің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Әл-Фараби АПБ Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен күдіктінің жеке-басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылданып, жедел іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жергілікті жердің тұрғыны анықталып, жеткізілді. Жасы-43-те, жұмыссыз. Бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған.
Қазіргі кезде ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі