«AMANAT»: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІ ШЕШІЛУ ҮСТІНДЕ
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтардың мәселелері тыңдалып, оларды оңтайлы шешу жолдары қарастырылып келеді.
Мәселен, партияның Сайрам аудандық филиалының қоғамдық бөлмесінде халық қалаулылары Сәкен Сұлтанов және Марат Дәлбеков өтінішін арқалай келген тұрғындармен кездесті. Азаматтардың басым бөлігі қыс мезгілінде әлеуметтік мұқтаждықтың артқаны оның ішінде АӘК қол жеткізудегі кедергілер, алимент өндіруге заңгерлік көмек, аудандағы мұғалімдерге сағат бөлуді қайта қарау туралы арыз-шағымдардың қаралуын сұрады.
Солардың бірі Қарамұрт елді мекенінің тұрғыны З.Саматова мектепішілік сағат бөлу жайына мән беруді сұрады. Айтуынша, қазіргі таңда ол еңбекке баулу пәнінің оқытушысы. Қосымша жоғары оқу орнында орыс тілі пәні мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Өтініші бойынша қосымша сағат бөлінбегені туралы шағымы қабылдау барысында депутаттар тарапынан зерделенді. Нәтижесінде аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі арқылы аталған мәселе шешімін таппақ.
Ал, облыстық мәслихат депутаты Ғабиден Қапалбаев жеке қоғамдық қабылдауды Бәйдібек ауданында өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев, аудандық мәслихат депутаттары Асқар Кенехан және Несіп Құрманалиева, жауапты бөлім басшылары қатысты. Қабылдауға жалпы 10 азамат келіп, алаңдатқан мәселелерін ортаға салды.
Атап айтқанда, Шаян ауылындағы көшелерге жолаяқ төсеу, Шыбыт елді мекенінк ФАП салу, ауыз су қоймасының жарылуы, Ағыбет ауылындағы мектептердің жылу жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу, мұғалімдерге баспасөз басылымдарға жазылуын тоқтату сынды өтініштер айтылды. Сондай-ақ Кеңестөбе ауылы, Қостөбе көшесінің бойындағы 17 тұрғын үйге қауіп төніп тұр. Үйлердің жер телімдерінің дәл ортасынан кернеулігі 10 Квт электр өткізілген. Аталған талап-тілектер назарға алынып, жауапты бөлімдер айналысуды бастады.
Қабылдау барысында оңтайлы шешілген мәселердің бірі — медициналық көмекке байланысты. Шалдар ауылының тұрғыны Н.Расиловтің қарындасын емдетуге тиісті шаралар қабылданды. Қоғамдық қабылдаулардағы әрбір өтініш партия филиалының бақылауында болады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі