ТҮРКІСТАН: «ТҰРАН» ГАНДБОЛШЫЛАРЫ СУПЕРЛИГА ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ЛИГАДА ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Түркістан облысының спорт басқармасында «Тұран» спорт ойын түрлері клубының гандбол командасын марапаттау рәсімі өтті. Қол добы шеберлері биылғы маусымда суперлигада және жоғары лигада да ел чемпионы атанды. Осындай айтулы жетістіктерімен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев құттықтап, команда жаттықтырушылары мен спортшыларына спорттық киімдер және бағалы сыйлықтар табыс етті.
Қол добынан еліміздің кәсіби клубтары арасында Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран» командасының ойыншылары биыл суперлигада жасындай жарқылдап, жеңімпаз атанды. Талантты кәсіби ойыншылардан құралған «Тұран» гандбол командасының бас бапкері Мақсатбек Нарметов «суперлига мен жоғары лигада жеңімпаз атану Қазақстан тарихында тұңғыш рет болып тұр» деп өз қуанышымен бөлісті.
Гандболдан еліміздің жоғары лига командалары арасында 8 команда бақ сынады. Бұл сында Түркістанның «Тұран» гандболшылары тағы да қарсылас шыдатпады. Ел чемпионатының суперлига мен жоғары лига командалары арасында алтын медаль иеленген түркістандықтарды Қанат Жолдықараев пен Түркістан облысының гандбол федерациясының президенті Ердос Әлібекұлы және «Тұран» спорт ойын түрлері клубының директоры Сабыржан Бұлдырықов құттықтап, ойыншыларға спорттық киімдер табыстады. Сонымен қатар алдағы маусымға сәттілік тіледі.
Айта кетерлігі, биыл гандболдан Қазақстан ұлттық құрамасына облысымыздың «Тұран» командасынан 13 ойыншы қабылданды. Бұл – кәсіби гандболшыларды дайындап отырған команда үшін жоғары жетістік. Жеңіске деген күш-жігерлері мықты «Тұран» гандбол командасы жаңа маусымға оқу-жаттығу жиындарын ұлттық құрама мүшелерімен бірлесіп, 16-шы қаңтарда бастауды жоспарлауда.
Осы қабылдауда басқарма басшысы параспортшыларға да құрмет көрсетті. Португалия мемлекетінде өткен параспортшылар арасындағы сайыста ел намысын қорғаған Мұқан Айтмырзаев найза лақтырудан, Темірбек Тоғанбай 100 метр қашықтыққа жүгіруден және диск лақтырудан, Шахрух Санвар 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіру мен ұзындыққа секіруден қола медальға қол жеткізген болатын. «Сауран» спорт клубының директоры Абай Қазиевтің сөзінше, бұл додада жүлдегер атанудың өзі мәртебе. Әлем жұртшылығы алдында Көк байрағымыздың көкке көтерілуі күллі Қазақ елінің жеңісінің жемісі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.