Шымкенттік теміржолшылар тергеу изоляторында қамаудағыларды ұстау шарттарымен танысты
Аталған іс-шара Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен қалалық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен (ҚАЖ) бірлесе ұйымдастырылды.
Түрмедегі өмірмен «ҚТЖ — Жүк тасымалы» ЖШС «ГП Шымкент бөлімшесі», «Шымкент магистралдық желі бөлімшесі» филиалдарының басшылығы, сонымен қатар, Абай, Әл-Фараби, Қаратау, Еңбекші аудандары әкімдіктерінің қызметкерлері танысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің салдарын көрсету, ұжымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады.
Сондай-ақ, тергеу изоляторына теміржол саласы басшылығын апаруға ҚТЖ саласындағы талдау барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері себеп болған.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қызметкерлері қатысушыларды ұстау орындарындағы режиммен таныстырды.
Осылайша мемлекеттік қызметшілер мен теміржол саласы өкілдеріне түрме туралы ескертіп, парамен достасқандарды қандай жағдай күтіп тұрғаны көрсетілді.