«КҮРЕҢ ТҰЛПАР» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ОБЛЫСҚА ҚАРАСТЫ БАРЛЫҚ ҚАЛА-АУДАНДА ТҮСІНДІРУ ШАРАЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Бүгінгі күні мемлекет саясатында айрықша басымдық қылмыскерлерді құрықтап жазалауға емес, сыбайлас жемқорлықтың жолын болдырмауға және оның алдын алуға, ақпараттық-ағартушылық, құқықтық түсіндіру шараларын жүргізуге берілуде.
Бұл өз кезегінде жемқорлықтың салдарымен күресуден бұрын, көлеңкелі қылмыстың туындауына жол бермеуге, тәуекелдердің орын алуына тосқауыл болуға, қылмыстық-құқықбұзушылықтардың алдын алуға едәуір оң ықпалын тигізуге қауқарлы.
Осы мақсатта, ағымдағы жылдың 29 қараша – 9 желтоқсан күндері аралығында «Күрең тұлпар» қоғамдық бірлестігі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мен мәдениет: түсінігі және қатынасы!» тақырыбында Түркістан облысына қарасты барлық қала/аудандарда дөңгелек үстел іс-шараларын ұйымдастырды.
Облыс аумағын қамтыған шараның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру, жемқорлықтың салдары мен зардабын жіті түсіндіру, өңір тұрғындарын қоғамдық кеселден алшақ болуға және оның алдын алуға шақыру.
Дөңгелек үстел аясында өткізілген мақсатты шараға «Күрең тұлпар» Қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі мен мүшелері, облыстағы үкіметтік емесұйым өкілдері, кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері, жас буын жастар, білім беру ұйымдарының, медицина саласының және жұмыспен қамту салаларының қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері белсене қатысты.
Облыс аумағын қамтыған мақсатты шарада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптасыру жөніндегі сарапшылар пулының мүшесі, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жетекшісі Г.Дулатова, қоғам белсенділері, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері баяндама жасап, облыс тұрғындарын бармақ басты, көз қысты әрекеттерден алшақ болуға үндеді.
Жиынға қатысушыларға лекторлар тарапынан Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар мен өзгерістер, жемқорлық деңгейін төмендетуде азаматтық белсенділіктің маңыздылығы, 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі басымдықтары, жемқорлық қылмыстарына көрілетін жауапкершіліктің күшейтілгендігі, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 366, 367, 368-баптарында көрсетілген пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу қылмыстарының қоғамға тигізер кері әсері туралы толымды ақпараттар берілді.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшырасқан жағдайда, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) тәулік бойы тегін қызмет көрсететін 1424 Call-орталығына хабарласу қажеттігін жеткізді.
Дөңгелек үстел отырысында жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, тақырып аясында қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Ұсыныс-пікірлер тыңдалып, қоғамдық ойға қозғау салатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.
Облысқа қарасты барлық қала/ауданды қамтыған ауқымды шара соңында қоғамдық кеселдің алдын алуды көздейтін ақпараттық брошюралар мен буклеттер, сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғауға бағытталған жадынамалар таратылды.
Жандос ҚАМБАРБЕКОВ
«Күрең тұлпар» Қоғамдық Бірлестігінің жоба үйлестірушісі