• «AMANAT»: ТҮРКІСТАНДЫҚ ҚОС АНАНЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛДЫ
«AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде бірқатар тұрғынның мәселесі оң шешімін тапты. Түркістан облыстық мәслихат депутаттарының қабылдауына келген азаматтардың басым бөлігі жұмыссыздық мәселесін көтерген.
Депутат Шолпан Бегалиева түркістандық көпбалалы аналардың мұң-мұқтажын тыңдап, өтінішін назарға алды. Қала тұрғындары М.Қасымова және А.Бисембиева қыздарының жұмыссыз жүргендігін айтып, көмек көрсетуді сұрады. Нәтижесінде қос ананың талап-тілегі орындалып, Шолпан Маратқызына алғыстарын білдірді. Кездесуге келген өзге де азаматтардың арыз-өтініштері депутаттың бақылауында болады.
Кезекті қоғамдық қабылдауды Бекарыс Шойбеков жүргізді. Қабылдауға келген Д.Жидебаева І топтағы мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты ана. Ол депутаттан тұрғын үйіне жылу жүргізуге ықпал етуді сұрады. Бекарыс Ақсақалұлы демеушілер тарапынан қолдау көрсетуге атсалысатынын жеткізді. Сондай-ақ партия филиалындағы кездесуде әлеуметтік мұқтаждық мәселесінен бөлек жұмыссыздық жайы да сөз болды. Халық қалаулысы барлық өтініш заң аясында қаралып, жауап берілетінін айтты.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі