ТҮРКІСТАНДЫҚ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР «EŃBEGІ JANǴAN ARÝLAR» ФОРУМЫНДА БАС ҚОСТЫ

Түркістанда «Еңбегі жанған арулар» іскер әйелдер форумы өтті. Шарада оңтүстік өңірде кәсіпкерлік саланы дамытып жүрген азаматшалар бас қосты. Ел экономикасының ілгерілеуіне айтарлықтай үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің еңбегін атап өткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев
форум қатысушыларына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатын табыстады.
— Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Маңызы айрықша форумда өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамыған. Жыл басынан бері 35 429 жаңа кәсіпкерлік субъектісі құрылған. Статистикаға сәйкес, өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің 32%-ында әйел адамдары басшылық жасауда. Яғни, Түркістан өңірінде жұмыс істейтін әрбір үшінші кәсіпкер — әйел кәсіпкерлері болып табылады, — деді ол.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында еліміздегі алғашқы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» осыдан бір жыл бұрын Түркістан қаласында құрылған болатын. Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаеваның сөзінше, орталықтың мақсаты — кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту, бизнесті жүргізу үшін оларға қолайлы жағдайлар жасау.
Форум соңында Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызының «Еңбегі жанған арулар» төсбелгісі мен Алғыс хатын табыстау рәсімімен қорытындыланды. Атап өтетін жайт, әйел кәсіпкерлері мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану бойынша да белсенді.
2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша кәсіпкерлерге жеңілдетілген 6%-бен несиелер берілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.