• «AMANAT»: ТӨРАҒА ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҚАРИЯЛАРҒА СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында майдан даласында кеудесін оққа тосқан отандастарымыздың өнегелі де рухты істері дәріптеліп келеді. Мереке қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне арнайы барып, сый-құрметін көрсетті.
Жиынға «Түркістан облысы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер Кеңесі» ҚБ төрағасы Тұрғанбек Бегімов, төрағаның орынбасары Нұрболат Бейсенов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев, “Жастар рухы” ЖҚ белсендісі Ердәулет Тастанбек қатысты.
Алдымен Әбжаппар Дайрабайұлының шаңырағында болып, хал-жағдайымен танысқан азаматтар ардагерлердің еңбегі әрдайым ескеріліп, жастарға насихатталуы тиіс деген пікірлерін айтты. 95 жастағы қария I-Украина майданында соғысқа қатысқан. II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» және осы сынды 14 медальмен наградталған. Соғыстан соң елге оралып, Ж.Жабаев атындағы орта мектебінде директор қызметін атқарған. Қазіргі таңда 5 ұлы-қызынан тараған немерелерін тәрбиелеп отыр.
Мұнан соң, 103 жастағы Немет Абдурасиловке сый-сыяпат табысталды. Ардагер I-Украин, I-Белорусь майдандарында соғысқа қатысқан. «Қызыл жұлдыз», IІ-IIІ дәрежелі «Данқ», I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 24 төсбелгінің иегері. Экспедициялық автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болған. 6 ұл-қызынан немере мен шөбере сүйіп отыр.
Ілтипат білдіре келген азаматтарға ақсақалдар ризашылығын жеткізді. Елдің амандығын тілеп, ақ баталарын берді. Алтынсары Дүйсенбекұлы алдағы уақытта да қариялардың ақыл-кеңестері мен талап-тілектерін тыңдау үшін жиі жүздесетінін айтты.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі