ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАЛ ҰРЛЫҒЫ АЗАЙҒАН
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Түркістан облыстық сотының қылмыстық істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Айдос Сұлтанов айтты.
Айдос Едігеұлының сөзінше, 2022 жылы жергілікті соттармен қылмыстық 2116 іс қаралған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 4,7% кеміген. 1509 қылмыстық істер үкім шығарумен аяқталған, 34 ақтау үкімі қабылданған, 397 іс қысқартылған, 99 қылмыстық іс медиация арқылы аяқталған.
Сондай-ақ, мал ұрлығы бойынша өңірімізде 2022 жылы 60 іс қаралып, аяқталған. Ал 2021 жылы 82 іс тіркелген. Яғни мал ұрлығы 20 %-ға азайған. Оның бір себебі, заңға өзгерістер енгізіліп, мал ұрлығы бойынша, жәбірленуші сотталушыға кешірім берген жағдайда да бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Яғни, заңның қаталдығы қылмыстың азаюына сеп болған.
Брифинг барысында Түркістан облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлмира Егембердиева әкімшілік істер бойынша сот төрелігінде жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталды.
– Әкімшілік процессуалдық кодекс 1,5 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Алайда шешілмеген мәселелер әлі де бар. Бұл жұмыс 2021 жылдың шілде айынан басталғандықтан алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырған талдау жүргізілмеді. 2022 жылдың қорытындысын айтатын болсақ, жалпы 1541 талап-арыз түсті. Оның 776-ы кері қайтарылды. Ал 318-не шешім жарияланып, оның ішінде 163 істің талабы қанағаттандырылды. Медиация және бітімгершілік келісімдерін бекіту арқылы 192 іс аяқталды. Ал таңдалған кезеңде аудандық және оған теңестірілген соттармен жалпы 98 ақшалай өндіру, яғни жалпы 5 640 280 сомаға айыппұл салынып, оның ішінде 4 721 380 теңгесі өндірілді, — деді Гүлмира Ниязбекқызы.
Ал Түркістан облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрлан Биболов азаматтық істер бойынша 2493 іс татуластыру рәсімдерін қолданумен аяқталғанын айтты. Яғни 2021 жылмен салыстырғанда 908 іске көбейген. Оның ішінде медиация тәртібімен келісім жасау арқылы 221, татуласу келісімін жасаумен 241, партисипативтік келісім жасаумен 34 іс аяқталған.
Сондай-ақ, Нұрлан Зұлпыхарұлы арыз, талаптарды қарау кезінде сапаға баса көңіл бөлетінін жеткізді. Бұл ретте сот актілерінің сапасы 2021 жылмен салыстырғанда 0,5%-ға жақсарған.
Аяқталған даулардың көбі — неке және отбасы, сондай-ақ, шарттық қатынастардан туындаған даулар. Одан бөлек, мемлекеттік сатып алу мен мүлікке меншіктік құқығымен байланысты даулар да бар. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтаумен және тұрғын үйге меншік құқығымен байланысты даулар да көп аяқталған дау санаттарына кіреді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі