ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЗАҢ БҰЗҒАН 27 ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫНЫҢ КЕЛІСІМШАРТЫ ТОҚТАТЫЛДЫ
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланған және келісімшартта көрсетілген міндеттерін дұрыс орындамаған тұлғалар мен компанияларға қарсы жұмыс күшейеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте осы мәселе талқыланды.
– Жер қойнауын, табиғи байлықтарды заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтілсін. Аудан, қала әкімдері мен құқық қорғау органдары осы бағытта бірлесе жұмыс атқарғаны жөн. Лицензияны берген соң келісімшарттың әрбір бөлігі орындалуын қадағалау керек. Өкінішке қарай, әлі де заңсыздықтар тоқтамай тұр. Сондықтан лицензияға қатысты құжаттарды қатаңдатуды тапсырамын. Лицензиялау шарттары өзгертілсін. Әрбір жер қойнауын пайдаланушы тек өзіне бекітілген аумақты ғана қазып, жұмыс істеуі қажет. Өзендердің арнасын кеңейтуге, экожүйені бұзуға жол берілмейді, – деді Дархан Сатыбалды.
Инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, 2021-2023 жылдар аралығында келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 27 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған. 2 жер қойнауын пайдаланушының жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. 11 жер қойнауын пайдаланушының жерін қайтару бойынша сотқа талап арыздар жолдануда.
2022 жылы 30 жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін толық орындалмағаны анықталып, ескертпе хаттар жолданып, аталған кемшіліктер жойылған.
Облыс аумағында орналасқан 40 жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қазбаларды өндіру аумақтарына маркшейдер маманымен мониторинг жұмыстарын жүргізілді. Нәтижесінде 27 жер қойнауын пайдаланушының жұмыстарынан кемшіліктер анықталып, Полиция департаментіне материалдар жолданған. Қазіргі таңда, Полиция департаменті тарапынан 12 қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыс аумағында орналасқан Ақсу, Боралдай, Бадам өзендерінің су қорғау белдеуінде орналасқан 12 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылды.
– Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшартта көрсетілген аумақтарына мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұл ретте инженер маркшейдер маманының қызметіне жүгінеміз. Сондықтан маркшейдер қызметін пайдалануға тиісті қаржы бөлуді ұсынамыз, – деді басқарма басшысы.
Түркістан облысының Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов 2022 жылы жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша кезекші бөлімдерге 127 арыз бен хабарлама тіркелгенін мәлімдеді. Құқық бұзушылық құралы ретінде пайдаланылған 28 техника, оның ішінде 7 жүк арту техникасы заңды шешімдер қабылданғанша уақытша айыптұраққа қойылған.
Жалпы заңсыз жер қойнауын пайдалануға қатысты әрекеттер негізінен Ақсу, Бадам, Келес өзендерінің бойында тіркелуде. Кентау қаласы мен Отырар ауданы аумағында да қазу деректері жиі кездесуде. 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 334-бабымен (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) жалпы 28 іс тіркелген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі