«Отырар» колхозын көркейткен Ордабай

Кеңестік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірі. Өйткені осы кезеңде сан мыңдаған жерлесіміздің тағдырына қара таңба басылып, жазықсыз жазаланған «халық жауларының» төрттен бірі ату жазасына кесілді. Олардың көбі «коммунизм көшбасшысы» Сталин көз жұмған соң жабыла ақталғанымен, архив қалтарысында елеусіз қалып қойған қайраткерлеріміз бен аймақ түгілі туған ауылы да ұмыта бастаған арыстарымыз аз емес. Бірер жыл бұрын ел Президентінің Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның да көздегені осы. Себебі, сталиндік зұлматта әкесі үшін қуғын көргендердің, баласы үшін бостандығынан айырылғандардың, туысы үшін тұтқындалғандардың нақты саны әлі де белгісіз. Қолымызда бары жартылай жорамал ғана. Демек, түйткілі көп тарихымызды тереңірек танып, тағдыры белгісіз тұлғаларымызды толық ақтау, індете зерттелмеген тақырыпты қайта қарастыру, тың деректерді ғылыми айналымға түсіру арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіру – уақыт талабы.

Кезінде шолақ белсендінің шеңгелі қанға толып, ұлығынан ұят, ұсағынан ұждан кеткен тоталитарлық жүйенің тар шеңберінде шыр айналып қысым көрсе де, жұрт сөзін сөйлеп өткен Жүсіпбек Аймауытұлы бір жазбасында: «… Зорлық, қиянат, қанішерлік жоғалып, бір заманда адам баласы бірін-бірі маңдайға шертпейтін жер жүзіне ұжмақ орнайтын шақ бола ма? Жоқ па? Белгісіз болса, алыс. Оны көксеу – тәтті қиял;  Заман көксететін емес»,- деп заманаға зарын төгіп, Алаш баласының басына ауыр бір зауалдың төніп келе жатқанын тұспалдап айтқан екен. Тұспалы тура шығып, тағдыры тұрлаулы талай тұлғамыздан айырылдық емес пе? Дегенмен, заман өзгерді, дәуір жаңарды.

Көкейдегі көптің тілегін белгілі тарихшы Бейбіт Қойшыбаевша кестелесек, «Мемлекеттік тәуелсіздігіміз бәрімізді жаңаша түлетті. Сананы оятты. Демократия желі әділетшіл сезімді айрықша сергітіп, жасанды тарихтың тұғырын қатты шайқалтты. Оң өзгеріс басталды, өткенді дұрыс бағалауға шақыратын жаңа көзқарастар туды. Бұрмаланған, қате түсіндірілген бастан кешкендерімізді кең көлемде жаңғыртуға кірістік. Әділеттіліктің салтанат құрарына еш күмәнданған жоқпыз. Ұлт тарихына қоғамдық келісімнің, халық бірлігінің негізі ретінде айрықша мән берілген, рухани жаңғыруды алға мақсат етіп қойған қазіргі таңда бізге осы жағдайды мейлінше тиімді етіп пайдалану ләзім. Қаралы тарихтың көлегейленген қыртыстарын түгел ақтарып, әділ саралауға кедергі жасалмауға тиіс».

Шындығында да қазір сол қаралы тарихымыздың беймәлім беттері қайта парақталып жатыр. Алайда, ашығын айтар болсақ, соғыстан соңғы «жылымық» кезеңде ақталған азаматтардың өзін кейінгі толқын түстеп тани бермейді. Насихаты аз, нәтижесі кем. Олардың ішінде тасада қалған түркістандық тұлғалар да, аймаққа аты мәшһүр ауыл ардақтылары да жетерлік. Сол санатқа советтік биліктің құрбаны болған Бәймішов Ордабайды да кіргізуге болады. Мұрағаттық анықтамада «Отырар» колхозының тұңғыш төрағасы Ордабайдың қазіргі Түркістан ауданы Майлытоғай өңірі мен Сыр бойындағы 24-ауылда дүниеге келгендігі көрсетіліпті. Сол кезеңдерде ол ауыл Шәуілдір ауданына қараса керек. Қосағы Қатшагүл 1909 жылы туған.

Әкесі Едігеұлы Бәйміш ес жиып, егделік жасқа жеткенше өз меншігіндегі қайығымен жағалауға жиылған жұртты дариядан ары-бері өткізіп, тапқанын талғажау етіп тіршілік кешкен. Пролетариат билігі жаңа ғана орнап, тұрмыстың түйіні шешілмеген сол бір тапшылық қысқан заманда дарияға жақын алақандай ауылда паром түгілі жөндемді көпір де жоқ болатын. Бала кезде балағын түріп тастап, балығы тайдай тулаған Сырдың толқынымен ойнап өскен Ордабай шаруаға ширақ, еті тірі жігіт болып өсіпті. Ешкімнің ала жібін аттамай-ақ жанұясын тарықтырмай күн кешкен бақуатты Бәйміш «қызыл қырағылардың» назарына ерте ілігеді. Осындай орта тұрмысты отбасында өскен Ордабай істі болғанда да абақтыдағы анкетасына айқын жазылып, жазасын күшейтуге себеп те болған сияқты. Себебі, аталмыш анкетада «дауыс беру құқығынан 1929 жылы айырылған, қожалығында 80 қой, 8 ірі қарасы бар бұрынғы ауыл старшынының баласы» деген сөздер бар екен.

Колхоздастыру кезінде көп мүддесі жолында бел шешпей жұмыс істеген әкесі жайлы Құтым Ордабайұлы да «Колхозшы қамын ойлаған» атты мақаласында кеңінен әңгімелеп: «… Әкем 1924 жылдың наурызындағы алғашқы сайлауда-ақ Сырдария губерниясы, Түркістан үйезі, Шілік болысына қарасты №2-ауылдық кеңесінің төрағалығына сайланып, елді біріктіруге, ынтымақты қалыптастыруға, ауызбіршілікті сақтауға көп тер төкті. Жұртты ортақтастыруға, бір жерге топтастырып, ұйымдасқан шаруашылық құруға белсене араласты. Ұжымдасып, мақта шитін егуге ұйытқы болды.

1927 жылдың қаңтарынан Сырдария облысы, Түрікстан ауданында ауылдық кеңестің төрағасы, 1929 жылдың ақпанынан Түркістан ауданының №24-ауылында «Шәуілдір құрылыс» мекемесінің халықты орналастыру жөніндегі өкілі болды. 1929 жылдың екінші жартысында Торғай ауданында прокурор болып жүрген Дүйсенбай Алтынбеков еңбек демалысында елге келіп, көпшіліктің өтінішімен аудан, облыс басшыларына шығып, Отырар даласын суландыру мәселесін шешті. Игілікті істің басы-қасында болу үшін прокурорлық қызметіне оралмай, №24-ауылды суландыру жөніндегі серіктестік төрағалығына бекіп, осында қалды. Дереу Шәуілдір арнасын қазу басталды. Құрылысты тез аяқтау үшін Арыс, Сырдария өзендерінің бойындағы тұрғындарды Шәуілдірге топтастыру қажеттігі туады. Майлытоғайлықтарды көшіріп әкелудің басшылығы әкеме тапсырылған. Әкем тапсырманы мүлтіксіз орындайды»,- деп Бәймішов ғұмырбаянына байланысты біраз жайдың бетін ашып беріпті. Ал КОКП ОК жанындағы Марксизм-ленинизм институты орталық партия архивінен табылған тағы бір құжатта оның «Отырар» колхозының алғашқы басшысы болғаны жазылыпты. Ақиқаты сол, кісіні түсіне емес, ісіне қарап бағалайтын басшы ашаршылық алқымынан алған ауылды аз астықты түтін басына теңдей бөліп  таратып беріп отырумен аман алып қалған.

Қырман басынан қия баспай, бұқараның көзіндегі жасты жыртық бешпентімен сүрткен жанашыр төрағаның ел үшін төккен тері де текке кеткен жоқ. «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» дегендей, жоғары жақтағыларды да тазалығымен тәнті етіп, колхоздың көрсеткіштерін мейлінше жақсартқан бастық Бәймішов 1935 жылы Мәскеуде дүркіреп өткен Бүкілодақтық екпінді колхозшылардың бірінші съезіне де делегат ретінде қатысады.

Шәуілдір ауданының жаңадан құрылуы да сол кезеңге тұспа-тұс келетін. Жұрт жағдайына жетік, ауыл тынысына қанық Ордабайды аудандық партия комитетінің бюросы ұзаққа созып жатпай-ақ шаруасы ақсап артта қалған «Қарғалы» колхозына төраға етіп бірауыздан бекітті. Көп ұзамай «Қарғалының» қайнаған тірлігінің тап ортасынан табылған парасатты председатель шатқаяқтаған шаруашылықты аяғынан тік тұрғызып, алдыңғы қатарға қосады. Несібесін жер-анадан татқан жергілікті тұрғындардың да табысы молайып, тұрмысы түзеле бастайды. «Қарғалының» қамын ойлап, қалың елдің алғысына бөленген Бәймішов 1934 жылы Қызылорда қаласындағы партия, кеңес, шаруашылық басшыларын даярлайтын бір жылдық курсты да ойдағыдай бітіреді. Алайда, білместік пе, әлде қызғаныштың қызыл оты бойын буғандардың бұра тартуы ма, баспасөзде «ол кезде «Отырар» колхозын басқа адам басқарған» деген бұрыс ақпар ара-тұра жарияланып қалып жүр. Осыған шамданған И. Ынталин деген автор «Репрессия» айдарымен жергілікті газетте жарық көрген «Ордабай Бәймішов – «Отырар» колхозының тұңғыш төрағасы» атты мақаласында: «…Біздің көңілімізді басқа жай мазалайды. Көзімен көріп, құлағымен естіген дейтіндей Орекеңнің ондаған құрдасының «Отырар» колхозының тұңғыш төрағасы Сман Бозбанбаев болған деген дерекке көзді жұмып қарап, шындықты айта алмағаны қынжылтады. Көзі тірі куәгерлер арамызда аз емес қой. Жоқ әлі жорға мінгендерді көре алмайтын күншілдігімізден арыла алмай келеміз бе?

Мұны ағалардың өкпе-наз деп емес, базыналық деп қабылдауын қалар едік. Өйткені, жоғарыдағылар ым қаққанда, төмендегілердің зыр қаққанын көріп өскен ұрпақпыз ғой. Онан әсте-әсте арылсақ та ұтылмасымыз хақ»,- деп тарихққа қиянат жасауға болмайтынын, шындық шырағы дауыл соқса да сөнбейтінін сыпайылап жеткізіпті. Ақиқаттың да адал айтыстан туатыны анық. Білетініміз, «Қарғалының» елге қамқор басшысы Ордабайды тұтқындауға 1937 жылдың 10 қыркүйегінде нөмірі де қойылмаған ордер беріліп, облыстық НКВД үштігінің үкімімен 1 қарашада ату жазасына кесіліп, үкім 14 қарашада орындалған. Тек 1987 жылдың 21 қаңтарында ғана ол Шымкент облыстық соты президиумының шешімімен толық ақталып, партиялылығы да қалпына келтірілген екен.

Демек, архив деректерінде айқын көрсетіліп, «Отырар» колхозының тұңғыш төрағасы, «Қарғалы» кеңшарының басшысы ретінде репрессияға ұшыраған ұлтжанды азаматтың аруағы разы болсын десек, баспасөзде білместіктен сөйлеуден, тарихи фактіні әдейі бұрмалаудан аулақ болуымыз керек-ақ. Себебі, тарих қашанда тек айғаққа сүйенеді, ақиқатты мойынсұнады. Олай болса, ағайынның атын оздыру, ауылдастың алдын орау секілді әрекеттердің қаламын оңды-солды сілтеген «тарихты» танушылардың қай-қайсысына да абырой әпермейтінін айтуымыз керек.

Осы тұстан ойымыздың желісін үзе отырып, Ордабай Бәймішовке тағылған айыпқа да назар аудара отырайық:

«… Тергеудің алғашқы сатысында және сот процесі кезінде Ордабай Бәймішовке «төңкеріске қарсы топтың, тәптіштей айтсақ, буржуазиялық-ұлтшылдық ұйым филиалының аудандағы белді мүшесі болды» деген ауыр айып тағылған болатын. Советке қарсы ұйымның сауысқаннан сақ мүшелерінің үкіметті ішінен үңги ірітіп қана қоймай, жеке дара ұлттық мемлекет құруды көксегендері де жұртқа жария етілді.

Бұдан бөлек шаруалары шаттыққа бөленген Шәуілдірде бөтен пиғылды «пролетариат жауларының» жасырын жиналыс ашып, жұртты адастырмаққа бекінгендері де бізге белгілі. Бүгінде олардың беттері ашылды, жолдары кесілді. Әсіресе, Жәлелов деген «жауды» жағалап, Елеукеновті ес тұтқан Отырар ауылдық кеңесіне қарасты «Қарғалы» колхозының төрағасы Бәймішовтің бұрынғы бай-кулактармен де жең ұшынан жалғасып, жасырын ұйымның жауапты қызметтерін құлшына атқарғаны бізді қуантып отырған жоқ. Құпия кеңестерге бір емес бірнеше рет қатысқан Бәймішовтің «большевизмге» қарсы баяндамаларын ұйып тыңдаған куәгерлердің айғақ жазбалары  да алдыңызда тұр» деп келетін айыптау қорытындысы іспетті құжаттың көшірмесін облыстық ҰҚК басқармасының тергеушісі С. Лункин облыстық комитет қарамағындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы П. Арыстановқа қызметтік хатпен жолдапты.

Міне, осылайша Отырар жұртының қамын жеп, халқына қалтқысыз қызмет еткен Бәймішов Ордабай да «опасыздар» санатына қосылып, «Отанын сатты» деген айыппен ең ауыр жазаны арқалап кете барады. «Шындық жоқ жерде сұмдық көп» дегендей, жаңа билікке жан сала қызмет еткендердің өзі де қуғын-сүргін қасіретінен құтыла алмаған. Тіпті, халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» болуға тиісті төртінші биліктің, бұқараға жақын баспасөздің өзі де тоталитарлық жүйенің тақымында кетіп, «халық жауларын» аяусыз әшкерелеуге айтарлықтай үлес қосты деуге болады. Дерексіз сөзге дем бермеу үшін 37-нің отын үрлеген баспасөз материалдарын да бір сүзіп көрелік.

Мәселен, сонау Атырау жақта абақтыға жабылған Иманғазыұлы Мырзағали қазірет қаншама қасірет шексе де, ауыл арасында хақ дін – исламды иісі мұсылман баласына насихаттағаннан басқа биліктің шымбайына батар бөтен әрекетке бармаған да. Сөйтсе де, «советке қарсы сопының» соңына індете түскен белсенділер білгенінен жаңылмайды. Бұл жайында «Мырзағали қазірет» деген мақаласында ұрпағы Раушан Мырзағалиұлы: «Мырзағалидан ештеңе шықпайтынын біліп, комитет сыртынан екі кісі тыңшы қойған. Ірімшікке май жаққандай 1937 жылдың күзінде Мырзағалидың үйіне Хасан қазірет жолшыбай қонаққа келеді. Мырзағали қазірет қонағының құрметіне Дәуім, Қосмұқан, Қоңыр, Ғаббас, Қадір, Әбубәкір молдаларды қонаққа шақырады. Осы қонақтық туралы екі тыңшы келесі күні комитетке жеткізеді. Сондағы комитетке айтқандары «Көзіміз көре алмады, есіктің сыртынан тыңдадық. Жапон-жапон деп шулап жатыр»,- деген дерек келтіріп, «жапонның» кім екенін білмесе де кінәлі болған, «тыңшының тұқымы» деген түртпектен оң-солын танығанға дейін құтыла алмаған Раушан аға ақиқатқа қол жеткізу үшін талай табалдырықты тоздырып, самайын ақ шалғанша сарсаңға түскенін таусыла жазыпты. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Бір анығы, «бостандық жаршысы» іспетті советтік баспасөз «тап жауларын» түп-тамырымен жоюға түбегейлі бекініп, тапсырыспен жазылған мақалаларды мыңғырта жариялаған. Мәселен, облыстық әскери комиссариаттың бастығы 1900 жылы туылған, 1922 жылдан коммунистер партиясының мүшесі Сейтқали Бейсембаевтың ісін алайық. Оған тағылған айып – 1928 жылы Алматыға жер аударылған халық жауы Троцкийге әдейі арнап барып сөйлескен. Оған үш коммунисті үгіттеп, ертіп апарған. Бейсембаев Троцкиймен әңгімелесіп отырып, оған төмендегідей сұрақтар қойған (тыңшы қалай дәл жеткізген десеңші).

  1. Орталық партия комитеті Сізді неге айыптап отыр? Орталық партия комитеті және Сталин жолдаспен қандай мәселелер төңірегінде келіспей отырсыз?
  2. Батыста және Ауғанстанда революция бола ма? Болмаған күнде СССР өмір сүріп қала ала ма?
  3. Буржуазиялық мемлекеттердің қарулы күштері қандай дәрежеде және олардың ара қарым-қатынастары қалай?
  4. Сіздің тұрмыс жағдайыңыз қалай, СССР үкіметі сізге қанша айлық төлеп тұр?
  5. Баспа орындары сіздің еңбектеріңізді бағалай ма? Қандай баспа орындары Сізге көмек көрсетіп отыр?
  6. Неғып Зиновьев пен Каменов газет беттерінде өздерінің іс-әрекеттерін қате деп мойындайды? Егер солармен Сіздің көздеген мақсаттарыңыз бір болса, онда Сіз неге орталық партия комитетіне хат жазбайсыз? Бұл сұрақтарға Троцкийдің жауаптары қандай болғаны беймәлім. Бірақ берілген сұрақтарға қарағанда Бейсембаев өте сауатты, Троцкийдің білімділігінен хабары бар, көппен байланысы бар азамат болғанға ұқсайды. Егер олай болмаса «халық жауы» деп жер аударылған адамға барып әңгіме дүкен құрмаған болар еді.

Бейсембаев өзі ертіп барған жігіттерді қанша нықтап: «Біз халық жауымен сөйлестік, бұл туралы тістеріңнен шығармаңдар» десе де, ол хабар жететін орындарға шашаусыз жетті. Бұл мәселе 10 жылдан соң Бейсембаевтың алдынан шығып, оған басқа да жалалар қосылып, ол ату жазасына кесіледі.

Опасыз жалғанның оғына ілінгендердің тағдыры осылай тізбектеліп кете береді. Осы тұста «Ордабай Бәймішов» сойылын соққан советке қарсы коммунист «Жәлелов кім болды екен?» деген сауалдың да алдымыздан кесе көлденеңдейтіні күмәнсіз. 1936 жылдың 21 шілдесінде Шымкенттен коммунистік сәлем жолдаған Лазеревтің:

«Жолдас Жәлеловке!

Ең бастысы, жұмысшы күші жетіспегендіктен Сіздерге Шәуілдір құрылысының жұмысы баяу жүргізілуде, ал құрылыс материалдары мен қаржы жетерлік. Плотина құрылысын салуға сол жұмыстың инициаторы болған, қазір Шәуілдірде демалыста жүрген жолдас Алтынбековті пайдалануды ұсынамын. Егер де Алтынбеков жолдас облатком және облыстық жер бөлімінің өкілі ретінде осы істі қолға алса, жұмыс әлдеқайда жандана түсер еді,- деген жазбасына жіті үңілсек, Бәймішов «бауырына тығылған» Жәлеловыңыз да жай қазақ емес екен.

Сонау 1930 жылдың соңына таман аудан тарихында «Шәуілдір сьезі» деген атпен қалған аты шулы жиын өткелі бері өңір тынысында тың серпін байқалып, біз жоғарыда тілге тиек еткен, облыстық партия комитетінің бірінші секретары Лазеревтің өзі аттай қалап алдырған Дүйсенбаев Алтынбек атты азамат Шәуілдір каналын қазуға шаруа біткенді жаппай жұмылдырған соң кедей атаулы кетпенін сүйретіп канал басынан табылыпты. Осылайша отырықшылыққа бет бұрған ауданда бес бірдей колхоз құрылып, «Отырар» колхозына Ордабай Бәймішов, «Абат» колхозына Тұрғанбай Бозшабаев, «Кеңес» колхозына Әлі Толыбаев, «Жаңаарық» колхозына Жарас Рүстемов төраға болып тағайындалады. Бар болғаны 27 жасында ауылдық кеңестің төрағасы атанып, кедей-кепшікке қорған болған, қоңыртөбел күн кешсе де 1935-1936 жылдары Өзбекстан атқару комитетінің төрағасы Юлдаш Ахунбабаев, орыстың қарымды қаламгері Леонид Соболев, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров, сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов сынды өз заманының заңғар тұлғалары амандық сұрай түстеніп, қона жатып қауқылдасып кететін қара шаңырақ иесі Ордабай Бәймішұлы да білім-білігі ешкімнен кем соқпайтын сауатты басшы болатын. Ұясында ұлылардың ізі қалған жан қайдан осал болсын.

«Тектіден текті туады» демекші, Ордабайдан туған Құтым қарияны да Шәуілдір жұрты шынайы қадірлейді. Қанына тартып қайраткер атанған Құтым Ордабаев кезінде «Асқаров ісі» Алматыдан асып, Фрунзедегі сотта қаралып жатқанда ақиқат үшін араша түскендердің, «15-тің хаты» деген атпен аймаққа тарап, 1990 жылы 21 тамызда «Социалистік Қазақстанда» жарияланған әйгілі мақалаға автор болғандардың бірі. Яғни, Шымкент облыстық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың халық игілігі, ел болашағы үшін сіңірген өлшеусіз еңбегін өшірмек болып өштесе өршеленгендерге қарсы тұрып, қайрат көрсеткен аудандық ардагерлер советінің төрағасы Құтым ақсақалды, сол хатқа секемсіз қол қойған С. Өтетілеуов, К. Нарымбетов, О. Бегалиев сияқты кілең Социалистік еңбек ерлері бас болған он бес азаматты қалай ардақтасақ та жарасар. Оған қоса өз ауданының ғана емес, тұтас өңірдің құты болған руханият қамқоршысы Құтым Ордабаев Әнұранымыздың авторы, «қазақ вальсінің королі» Қалдаяқов мұрасының кеңінен насихатталуына да мұрындық болды. «Шәмші» журналы жанашырының бірі, сазгер атындағы ән фестивалінің қолдаушысы ретінде де қалың елдің есінде қалды. Сексен жылдығына орай арнайы «Ақталған үміт» атты деректі фильмнің түсірілуі де тегін деймісіз.

Біз білетін, жұрт жадындағы Құтым Ордабаев 1925 жылы Майлытоғайда дүниеге келген. Бабасы Едіге ел ішінде билік айтып, мешіт ұстаған діндар кісі болыпты. «Үштіктің» үкімімен әкесі Ордабай опат болған соң бала Құтым 12 жасында жетім қалып, ақ-қарасы араласқан сынақ ғұмырда қиянатты да, құрметті де, жоқшылықты да, жақсылықты да қатар көріп өсіпті. 1938 жылы 7 сыныптық мектепті, 1942 жылы Түркістан педагогикалық училищесін бітірген талапты жастың мұнан кейінгі өмірі мен қызметі ағарту саласына арналды.

Ұлтымызда «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген ұлағат бар. Сол сенімге селкеу түсірмей, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ағамыз алдымен 1942-1945 жылдары Отырар, Жамбыл орта мектептерінде мұғалім болып, сонан соң Қызылқұм, Шәуілдір аудандық оқу бөлімдерін бақандай 28 жыл басқарыпты. 2011 жылы зейнетке шыққан соң Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған ағартушының атақ-абыройы, мақтау-марапаты да бір атанға жүк боларлықтай. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Үздік еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Оңтүстік Қазақстан өлкелік, Шымкент облыстық атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған Құтым Ордабаев 1961-1999 жылдар аралығында Қызылқұм аудандық кеңесінің депутаты болып 10 дүркін сайланып, Қазақстан мұғалімдерінің ІІ, ІІІ, IV, V съездері мен 1968 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық мұғалімдер съезіне делегат ретінде қатысқан.14 бастауыш ұйымынан тұратын аудандық ардагерлер кеңесіне де ұзақ жылдар бойы төрағалық етті.

Әрине, осындай құтты шаңырақтан, текті әулеттен тамыр тартқан ұрпақтары да өмір-теңізде өз белесін бағындырып, мақсат-мұратына жетті деп білеміз. Сегіз перзент көрген Құтымның бір ұл, бір қызы өмірден ертерек өтіпті.  Тұңғышы Амангелді 1946 жылдың тумасы. «Отырар» ауданын басқарған ардақты азаматтардың бірі. Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы, әкімнің орынбасары, аудан әкімі аппаратының жетекшісі т.б. бірталай абыройлы қызметтің тізгінін ұстаған, сол арқылы облыс асып, бүкіл республикаға танылған Амангелдісі пәниден бақиға 2007 жылы 61 жасында кетті. Шымкент пединститутын бітірген екінші ұлы Абдулла әке жолын қуып, ұстаздықты ұлы мұрат санап, ұзақ жылдар бойы Жамбыл орта мектебінің мұғалімі, аталған мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, №4 Ө. Жәнібеков және «Темір» орта мектебінің директоры қызметтерін атқарып, зейнетке шықты. Одан кейінгі Бақытжаны техника ғылымдарының докторы, доцент, алты-жеті тіл білетін дипломат. Кеңестік кезеңнің өзінде, 1986-1990-шы жылдары Мозамбиктегі Эдуардо Монлан университетінде дәріс оқыған ол Тәуелсіздік таңы атқанда, 1992-1996 жылдары ҚР үкіметінің Сыртқы істер бөлімінде, кейіннен мемлекеттік хатшылар А. Есімов пен Ә. Кекілбаевтың кеңесшісі қызметінде болды. Сонан соң да қызмет сатысымен тасы өрге домалап, еліміздің Түркиядағы елшілігінде кеңесші-уәкіл, Румыниядағы егемен еліміздің тұрақты өкілі, 2012 жылдың шілдесінен Бразилиядағы Қазақстан Республикасының елшісі қызметтерінде де дара болмысты дипломат ретінде танылып, Аргентина, Чили мемлекеттерінде де елшілік жұмысты мінсіз атқарды. Ал жеңгеміз Мейрамкүл Аманқұлова Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Былайша айтқанда, Бәймішовтер әулетінің бетке ұстарына айналған бағы жанған Бақытжан ағамыз Алаштың Нәзірі, Төреқұлдың тектісі салған сара жолдан айнымай, тәуелсіз елдің ертеңі үшін елеулі қызмет етті десек, артық айтқандық емес. Қызы Зүбәйра құрылыс маманы, қазір Алматыда жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүр. Тағы бір перзенті Сәуле Мәскеуде білім алып, кандидаттығын да, докторлығын да сәтті қорғап, бүгінде Шымкенттегі медициналық академияда кафедра меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Ішкі істер саласында жұмыс істеген кенжесі Мұхтар Шәуілдірдегі қара шаңырақта шағын бизнесін дөңгелетіп отыр.

Негізі біз қолда бар алтынның қадірін біле бермейтін елміз. Өйткені, Бәмішов Ордабай секілді өмірін өңірді өркендетуге арнаған арыстардың ғибратты ғұмыры әлі күнге дейін кеңінен насихатталмай отыр. Неліктен? Бұл аймақтың атпал азаматтары турасында жарық көрген бірлі-жарым кітаптарда да кемшіліктер баршылық. Мәселен, Шәуілдірді көтерген кеңестік қайраткер Дүйсенбай Алтынбеков турасындағы «Дара тұлға» кітабының бастапқы бетінде Әліби Жангелдин, Дүйсенбай Алтынбеков, Ордабай Бәймішов және Түркістан ауданының сол кездегі төрт-бес ардагерінің орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоянмен кабинетінде түскен тарихи суреті басылыпты. Құптарлық-ақ, қуанарлық та іс. Алайда аталмыш кітапта автор Алтынбековпен етене араласып, Шәуілдір шежіресінде, ел аузында есімі қалған Ордабай турасында ештеңе айтпайды. Елеусіз қалдыра салады. Былайша айтқанда, Бәймішов жайлы бір ауыз сөз жоқ. Осының өзі біздің туған өлке тарихын тануда, тұлғаларымызды кейінгі толқынға үлгі етуде елеулі кемшіліктерге жол беріп келе жатқанымызды айғақтайды. Өйткені, көзі тірісінде бір колхозда тізе қосып тірлік еткен Шәуілдірдің қос тұлғасын бұлайша бөле қарастыру ақылға да сыймайды, абырой да әпермейді. Бұл тұрғыдан келгенде «Бәймішовке ең құрығанда кітаптың бір бетін де қимапты» деген Құтым қарияның базынасы да орынды деп білеміз.

Сөз жоқ, советтік биліктің құрсауындағы елде «халық жауларының» ұрпақтары да аз теперіш тартқан жоқ. «Халық жауының» баласын комсомолға алуға болмайды, пролетариатқа қарсыларға партия қатарынан орын жоқ» деген сияқты қасаң қағидалар Құтым Ордабаевты да талай қиындыққа ұшыратқаны, сарсаңға салғаны анық. Десе де ол тағдыр сынағына сынбай, өмір өткелектерінен өз жолын таба білді. Ендеше ел сүйген Ордабай қалайша «опасыз» атанды, халық қамын жеп жүріп, қалайша бір-ақ күнде жауға айналды? Осыған тоқталайық. «Сталин тапсырмасын мүлтіксіз орындаймыз» деп ұлардай шулаған сұр шинельділер мен момын жұртқа мылтық кезенген милиция жайбарақат жатқан ауылдың үрейін ұшырып, талай шаңырақтың үмітін үзіп, үй ішін астаң-кестең етті. Алақандай ауылдан «жау» іздеген, кіп-кішкентай колхоздан «құрбандық» тапқысы келіп қатты құлшынған құпия агенттер ел ішінде құмырсқадай өріп жүрді. Тек Ордабай басқарған Отырар колхозынан бір де бір «халық жауы» шықпапты. Басқа аймақта «бүлікшілдер» топ-тобымен тұзаққа түсіп жатса, бұл колхоздан абақтыға жабылыған жан болмаған. «Ауылына қарап азаматын таны» деген бәлкім осы болар. Былайша айтқанда, Бәймішовтей басшысы бар ынтымақты елден ырыс қашпапты. Яғни, ынтымақ-бірлігі балталаса да бұзылмайтын бұл ауылға агенттер де аттап баспаған, тыңшылар да төңіректемеген.

«… Бәленің бәрі әкем «Қарғалы» колхозына ауысқанда басталған. Ауызбіршілігі жоқ, ағайыны ала ауыл екен. Үлкен болмаса да үркердей жұртқа жаудай тигендердің дегені болып, «Қарғалының» бес адамының қолы кісенделеді. Оның ішінде колхоз басшысы Бәймішов Ордабай, орынбасары Құлшық, активтері Қошқарбаев пен Құлдыбаев Атымтай бар. Құмырсқа екеш құмырсқаға да қысастығы жоқ, мақта суарып өз алдына жүрген момын Мәңке де «тап жауы» ретінде тас түрмеден бір-ақ шығады.

«… Ойпырмай, кеше ғана ортамызда жұмыс істеп жүрген жігіттерді бет-аузымыз бүлк етпей «халық жауы» деп жамандадық-ау! Бұл қай мұсылмандыққа, қай қазақшылыққа жатады?» деп аузына ие болмай бар шындықты айтып салған түйеші Жанұзақов Әбіл де жазасыз қалмайды. Жиналыстан соң бір түнде ізім-ғайым жоқ болған түйешінің соңында жұбайы Палқыз, ұл-қызы Файзулла мен Жайсаңкүл жылап-сықтап қала береді. Мұндай мысалдар өте көп.

Шындығында «ұлтшылдық ұйымға көсем болыпты-мыш» делінетін ауданның бірінші хатшысы Жәлелов Нығмет те нар тұлғалы жақсы жігіт екен. Орал жақтың тумасы. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Дәненов те партиялық іс-тәжірибесі бар жоғары білімді басшы болатын.

Алайда облыстық партия комитетінің бюросы: «Біріншіден – халық жаулары, ұлттық фашистер мен троицкистерді әшкерелеу мен олардың көздерін жоюда жөнге келмейтін сылбырлық танытты және бұл жұмысты тым кешеуілдетіп жүргізді, екіншіден – ұлттық-фашистердің және троицкистердің бүлдіру әрекеттері туралы қатардағы коммунистерден түскен көптеген дабылдарға дер кезінде мән беріп, көңіл бөлмеді» деп тауып, «Н. Жәлелов, партия мен халық жауы ретінде әшкереленгені үшін Шәуілдір аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылсын, КК(б)П Оңтүстік Қазақстан обкомы пленумының мүшесі құрамынан және КК(б)П қатарынан шығарылсын. Айыптау материалдары ішкі істер халық комиссариатына тапсырылсын» деген қаулы қабылдайды. Осылайша онымен қызметтес болғандардың бәрі де шетінен тұтқындала бастайды.

Көргендердің айтуынша түс әлетінде Бәймішовтердің ауласына «полуторка» машина ызғытып келіп, жер әлемнің шаңын бұрқ еткізе кілт тоқтайды. Жүк көлігінің үстінде тізелеріне тұзақ салынып, аянышты халде отырған ауылдастарын көріп, жиденің көлеңкесінде қол дирменін айналдырып жайбарақат отырған келіні Қатшагүлдің есі шығып кетіпті. Ордабайдың әйелі Зейпіннің де өңі боп-боз. «Қызыл жағалы» Әліпбек Қалдарбектің қабағы қатулы, түсі суық, ешкімнен қаймығатын түрі жоқ. Күйеуімен жақын достардай араласып, күн аралатып түстеніп кететін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің лейтенанты Смайл Исаев та жан-жағына сазара қарайды. Жанарымен жер шұқып, тұнжырап отырған тұтқындарға терезеден көз қиығын салып Зейпіннің одан әрмен зәресі ұшады. Күйеуінің орынбасары Құлшық Әліпбеков, ферма меңгерушісі Төленді Сарықбаев, колхоз бухгалтері Атымтай Құлдыбаев, астық оратын комбайн жүргізушісі Мәнке…

«Бұлары несі, жазығы не бұлардың?» деп әлденеге секем алып, асығыс-үсігіс сыртқа ұмтыла бергенде дәлізде Исаев пен Сейдаз Тұманбаев қарсы кезігіпті. Үстерінде әскери киім, белдерінде қару. Екеуі де жау қуғандай асығыс. Осылайша Ордабайдың түскі асқа келетінін жақсы білетін күтпеген қонақтар жолдан көз алмай ұзақ отырады.

Бұл оқиға жайында жазушы Серік Жанәбілдің де қалам тартқаны бар. Құтым қариямен ұзақ сырласқан қаламгердің «Әкесін күтіп әлі жүр…» деген мақаласында мынадай жолдар бар екен:

«… Түс әлетінде әкем жұмыстан оралды. Шай жабдығы жасалғанша мені, жалғыз тұяғын бір еркелетті. Бір кезде машинамен, қасында бес адам бар Исаев та келді. Қонақтарға кіші шешем Қатшагүл қымыз құйды. Мен әкемнің алдында отырғанмын. Кенет Исаевтың бас-аяғы жоқ «Ордабай Бәймішов жолдас, сіз тұтқындалдыңыз!» дегені.

Әкем шошып кетті. Орнынан тұра бергені сол еді, Исаевтың қасындағылар жабыла кетті. Бала емеспін бе, шыңғырып жылап жіберіппін. Әлден соң бәрі сүйреп әкемді машинаға салды. Қолы кісендеулі әкемнің өз шаңырағындағы соңы сөзі «Құтым, қош бол, құлдығым!» болды. Бет-аузы қанға бөккен әкемнің сол бейнесі әлі көз алдымда. Шырылдап жылап тұрған мені Қатшагүл жеңешем бауырына тартты.

Міне, қарағым, бары осы, содан әкемді көргенім жоқ. Түсіме ылғи әкемді жабылып сабаған кісілер кіреді. Анам Зейпін 30 жасында жесір қалды. Жарықтық қайтыс боларында (1968 жылы) «Әкең Ордабай адал жігіт еді, арыстай азаматтың ақталмай-ақ кеткені ме? Жазығы жоқ еді ғой» деп жатып жүре берді. Содан өзім де осы бір жүрек дертіне душар болдым.

Әкемнің сүйегі Шымкент маңындағы «Албастысай» деген жерге көміліпті. 1991 жылы арнайы  ас та бердім. Әйткенмен, сағынышы түскір жанымды күйдіруден жазған емес. Кеуіліме әкем баяғы Исаевты қасындағы бес адамымен алдына салып, үйге келетін, келетін де «Құтымжан-ау, сені қорқытқан мына антұрғандардан кешірім сұраттым» дейтін сияқты болады да тұрады».

Қысқасы, Шәуілдірде сол жылы 82 «халық жауы» атылыпты. Кезінде Қазақ КСР Орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбинге хат жолдаған Бәймішовтың немересі Мақсұт Ордабаев мұрағат құжаттарын ақтарып, «Бәймішов 1956 жылы соқырішектен қайтыс болған» деген ақпардың жалған екеніне көз жеткізеді.

Құтым қарияның қағілез баласы Мақсұт Ордабаев турасында да аз-кем айта кетелік. Ел еңсесін тіктеген 1956 жылы дүниеге келген ағамыздың білімі жоғары. Алматы энергетикалық институтын, Республикалық есеп кадрларын қайта даярлау институтын бітірген. Әр жылдарда Кентау электр торабында шебер, стажер, диспетчер, аға шебер, «Шымкентжарық» мекемесінде бас инженер, директор, Кентау қаласының әкімі, «Түркістанэнерго» мекемесінің президенті, облыстық энергетика және халық шаруашылығы басқармасының басшысы т.б. қызметтерді абыроймен атқарған.

Одан бөлек Астана мен Қарағандыда да осы салада түрлі басшылық қызметтерде болған. Мақсұт аға 2016 жылдан «Отырар Пауэр», «Оcean Energy Company» ЖШС-ларының директоры. Күшіне емес, адал ісіне сенген ағамыздың біз білетін өмір белестерінің бір парасы осындай.  Әділ жолдың мақсатқа жеткізетінін жас кезінен санасына сіңіріп өскен абзал аға Бәймішовтер әулеті кешкен зауалды да жете зерделеп, азалы жылдың ақиқатын білу үшін көп ізденді. Ақыры мақсатына да жетті.

Яғни, еліміздегі энергетика саласының ең білікті маманы, ТМД және Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, «Ғасыр жобасы» деп бағаланған «Көксарай» су қоймасының негіздемесін жасап Парламентке ұсынған Мақсұт Ордабаевтың мағыналы өмір жолы да біздіңше бір кітапқа татиды. Өйткені білімді бала кезден, тазалықты тектен алған ағамыз баламалы қуаттың ел экономикасын өрге сүйрейтінін ұдайы айтып, ұлт қамы үшін әлі де жемісті жұмыс жүргізіп келеді.

Сондықтан, бір мақсат, бір мүдде жолында тарих тегершігі тағдырларын тоқайластырған тұлғаларымызды төмендетпей, архивке сүйеніп, айғақты арқа тұтар болсақ қана тарихи шындықты шаң баспайды, кешегі күніміз көмескіленбейді. Өңірді өз бетінше зерттеп жүргендер бұл уәжімізді қаперде ұстап, ұрпақ қазынасына келгенде барынша қырағылық танытса екен дейміз.

(Суретте Бәймішов Ордабайдың ұрпағы Құтым Ордабаев).

 

 

Асан Үсіпов, 

Ғалым Қасымхан,

М.Әуезов атындағы ОҚУ, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының аға оқытушылары.

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.