ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН САЙЛАУҒА 1284 КАНДИДАТ ТІРКЕЛДІ

Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде биылғы 19 наурызға белгіленген Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысы туралы брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішев саяси науқанға дайындық бойынша өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.
«Облыста сайлауға дайындық жұмыстары Орталық сайлау комиссиясы бекіткен негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай белгіленген мерзімдерде кезең-кезеңімен атқарылуда. Негізгі іс-шаралардың жоспарына сәйкес үміткерлерді ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталды. Облыс бойынша барлығы 1615 кандидат ұсынылды. Олардың 1284-і тіркеуден өтті. Осы тіркелгендердің 406-сы саяси партиялар арқылы ұсынылса, 878-і — өзін-өзі ұсынғандар», — деді спикер.
Сондай-ақ брифингте Әмірдин Мұхиденұлы округтік комиссиялар бойынша ұсынылғандар мен тіркелгендер туралы да мәліметтермен бөлісті.
«ҚР Парламент Мәжілісі бойынша құрылған 3 сайлау округіне (№ 25, 26, 27) барлығы 32 кандидат ұсынылған болатын (оның 4 саяси партиялар ұсынса, 17-сі — өзін-өзі ұсынғандар). Ұсынылғандардың 21 тіркеуден өтті (№ 25-5, 26-7, 27-9). 8 кандидат өз өтініштерін кері қайтарып алса, 3-кандидат тіркеуге қажетті сайлау жарнасы төленбегендіктен тіркеуден бас тартылды. Облыстық мәслихатқа 23 округ бойынша ұсынылған кандидаттар саны – 118, оның ішінде тіркелгені — 103, тіркелгеннен кейін өз еркімен өтініштерін кері қайтарып алған – 1 кандидат, өз еркімен өтініштерін кері қайтарып алған — 12, 2 – тіркеуге қажетті сайлау жарнасы төленбегендіктен тіркеуден бас тартылды. Ал қалалық мәслихатқа ұсынылған кандидаттың саны – 235. Оның ішінде тіркелгені — 182, тіркелгеннен кейін өз еркімен өтініштерін кері қайтарып алған – 32, 18 — тіркеуге қажетті сайлау жарнасы төленбегендіктен тіркеуден бас тартылды. Аудандық мәслихатқа ұсынылған кандидаттың саны – 1230. Оның ішінде тіркелгені — 978, тіркелгеннен кейін өз еркімен өтініштерін кері қайтарып алған – 141, 110 — тіркеуге қажетті сайлау жарнасы төленбегендіктен тіркеуден бас тартылды, сәйкес еместігі туралы – 1 кандидат анықталды», — деді спикер.
Жалпы өңірде партиялық тізім бойынша 6 партиядан 80 адам ұсынылған, барлығы толық тіркеуден өтті. Оларға тоқталсақ, «Amanat» партиясы – 41, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 15, Қазақстан Халық партиясы – 6, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 10, «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы – 5, «Respublica» партиясы – 3.
Орташа алғанда бірмандатқа 3,9 адам тіркелді. Ұсынылған кандидаттардың 1426 — ер, 193 — әйел. Ең жас кандидат — 2002 жылғы, ең егдесі — 1954 жылғы.
«Тіркеуден өткен кандидаттарға куәліктер берілді. Барлық іс-шаралар Сайлау туралы Конституциялық Заңға және күнтізбелік жоспарға сәйкес өтіп жатыр. Сондай-ақ тіркеу кезеңінде 90 өтініш келіп түсті. Жауаптар белгіленген мерзімдерде берілді. 18 ақпан күні сағат 18:00-ден бастап барлық деңгейдегі депутаттыққа кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жұмыстары басталды. 18 наурыз – тыныштық күні, ал 19 наурызда сайлау өтеді. Облыс бойынша кандидаттардың сайлаушылармен кездесу үшін 330 үй-жай белгіленіп отыр. Анықталған орындар мен үй-жайлар туралы хабарламалар жергілікті БАҚ пен әкімдіктің сайтында орналастырылған. Сонымен қатар, өңірде сайлау комиссиялары үшін оқыту семинарлары өткізіліп жатыр», — деді спикер.
Еске сала кетсек, Түркістан облысында 941 сайлау учаскесі бар. Өңірде сайлаушылардың саны 1 176 138 адамды құрайды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.