Шымкент: Үздік криминалистер марапатталды
1 наурыз – елімізде криминалистер күні. Ішкі істер жүйесінде бұл саланың негізі қаланғанына биыл 104 жыл толып отыр. Шымкент қаласы полиция департаменті Абай ауданы полиция басқармасының ғимаратында өздерінің қызметтерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген полиция қызметкерлері марапаттау рәсімі өтті.
Айтулы мерекеге орай, Абай ауданы полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Б. Қаржауов үздіктер қатарынан табылған 6 қызметкерге Алғыс хаттар табыстады.
Айта өтетін ақпарат, криминалистердің қылмыстық істерді жүргізудегі жұмыстары – күрделі және ауқымды. Ол ұрлық та, кісі өлтіру оқиғасы да болуы мүмкін. Іс жүргізудегі дәлелдемелер криминалистер жұмысының нәтижесінде табылып, ашылады. Бұл мамандық иелері қажетті іздерді тауып, оларды салыстырып, мұқият зерделеп, көптеген қылмыс фактілерінің бетін ашуға көмектеседі.
Сондай-ақ, криминалистердің жұмысы асқан мұқияттылықты, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қылмыстың алдын алу, оларды болдырмау, жолын кесу және тергеп-тексеру барысында осы қызметтің алар орны ерекше.
Кәсіби мерекесінде сала қызметкерлеріне алдағы уақытта да әр қылмыстық істің ақ-қарасын ажыратып, онымен күресті күшейтудегі жұмыстарына мол ізденіс пен сәттілік тілейміз.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі