Шымкент: Криминалистер күні мерекесінде үздік қызметкерлер марапатталды
1 наурыз – ІІО жедел-криминалистикалық қызметінің кәсіби күні. Бүгінгі таңда, Ішкі істер жүйесінде бұл саланың негізі қаланғанына биыл 104 жыл толып отыр. Мерекеге орай, Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел-криминалистика басқармасында өздерінің қызметтерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген полицейлерді марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шарада Жедел криминалистика басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Қуаныш Сейталимов үздіктер қатарынан табылған жеке құрам қызметкерлерін мейраммен құттықтап, марапаттады. Онда Шымкент қаласы Полиция департаментінің Грамотасына және Алғыс хатына 4 қызметкер лайық деп танылды.
Сондай-ақ, Тұран АПБ бастығы полиция полковнигі Нұржан Тілеуов басқармадағы криминалистерді марапаттап, кәсіби мерекесімен құттықтады.
Айрықша атап өту керек, криминалистің жұмысы асқан мұқияттылықты, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қылмыстың алдын алу, оларды болдырмау, жолын кесу және тергеп-тексеру барысында осы қызметтің алар орны ерекше. Ендеше, криминалистерге жұмыстарына сәттілік, отбасыларына амандық тілейміз!
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі