БОЛАШАҚ ЗАҢГЕР ТҰҢҒЫШ РЕТ САЙЛАУҒА ҚАТЫСТЫ
Шымкент қаласы Қаратау ауданының тұрғыны Даниал Ахтаев та науқанға сайлаушы ретінде алғаш рет қатысып отыр.«Мирас» университетінің бірінші курс студенті болашақ заңгер екен. Ол тұрғылықты мекенжайы бойынша №103 жалпы орта мектепте орналасқан №239 сайлау учаскесінде дауыс берді.
— Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – еліміздің даму бағытын айқындайтын саяси науқан. Биылғы сайлауға көптеген өзгерістер енді. Ең бастысы, мұның барлығы мемлекетті экономикалық тұрғыда өркендетіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қадам. Мен де болашақ заңгер ретінде партиялар мен жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларымен танысып шықтым. Дұрыс таңдау жасадым деген ойдамын, — дейді Даниал Мейрамханұлы.
Ел болашағына бей-жәй қарамай, саяси науқанда белсенділік танытып отырған жас сайлаушылардың отанға деген сүйіспеншілігі сүйсінтті.
«Шымкент келбеті»