ШЫМКЕНТТЕ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ ӨКІЛДЕРІ САЙЛАУДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТУДА
Шымкент қаласының Өзбек этномәдени бірлестігі республикалық қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов Қызылжар шағын ауданының № 53 мектебінде орналасқан № 66 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Оның айтуынша, Шымкенттегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері сайлауда белсенділік танытуда.
–Бүгін қазақстандықтар Мәжіліс пен мәслихаттардың жаңа депутаттарын сайлауда. Бәрі ашық және демократиялық тұрғыда болғанын қалаймын. Халқымыздың жыл сайын ел болашағына деген сенімі артып келеді. Оны бүгінгі сайлауға келген тұрғындардың белсенділігінен байқауға болады. Мемлекет басшысы жаңа, құқықтық Қазақстан, жаңа Азаматтық демократиялық қоғам құратынымызды атап өтті. Сондай-ақ Президент «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, мемлекетемізде депутаттар халықтың кез келген сұрауына жауап бере алатындай болуы керек деді. Сондықтан болашақ депутаттар халыққа жақын болуы тиіс дегім келеді, — деді И.Хашимжанов.
Атап өтсек, сарапшылар бұл сайлауды саяси реформалардың шарықтау шегі деп атайды. Өйткені бұдан кейін билікте үлкен өзгерістер, жаңа тұлғалар мен партиялар келеді деп күтуде.