ОҚО-да жергілікті мәлихаттар депутаттарының сайлауы өтеді
Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті түрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауына дайындық жұмыстары Конституциялық заңның талаптарына сай кезең-кезеңімен атқарылуда. Облыстық сайлау комиссиясы тағайындаған саяси іс-шара 2017 жылғы 29 қазан күні өтеді. Бұл туралы бүгін ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ә.Өмірәлиев мәлімдеді.
Төрағаның айтуынша, мәслихат депутаттығына барлығы 42 үміткер ұсынылған, оның ішінде 38 үміткер тіркеліп отыр. Қалған 4 үміткер тіркеуге қажетті құжаттарды «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» конституциялық заңының талаптарына сай округтік комиссияға тапсырмаған.
«Осы үміткерлерді партиялық құрамы жағына қарайтын болсақ, «Нұр Отан» партиясынан — 7 үміткер, «Ақ жол» партиясынан 1 үміткер тіркелді. Партиялығы көрсетілмегені — 21 үміткер болса, 9 үміткер партияда жоқ», — деді Ә.Өмірәлиев.
Мәслихат депутаттарының сайлауы 7 округте өткізіледі. Облыстық мәслихатқа сайлау 4 округте өтеді. Олар – Шымкент қаласындағы №11, 35 және Шардара ауданындағы № 49, 50 округтер. Қалалық мәслихатқа – 2 округ (Шымкент қаласындағы №22, Түркістан қаласындағы №7). Аудандық мәслихатқа Сарыағаш ауданынан №22 округте сайлау өтеді. Облыстық мәслихатқа 23 үміткер тіркелсе, қалалық мәслихатқа — 12 үміткер, аудандық мәслихатқа 3 үміткер тіркелді. Айта кетейік, ең жас үміткер — облыстық мәслихатқа үміткер, Шымкент қаласының тұрғыны Темірбаев Жанғали Бахтиярұлы (21 жаста). Ал жасы ең үлкен үміткер — №7 Түркістан қалалық округтен түскелі отырған Жарқынбеков Сәрсенбек Мүбаракұлы (64 жаста). 2017 жылдың 3 қазанында сағат 24:00-де үміткерлерді тіркеу аяқталып, жеке үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 4 қазаннан басталды.