ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЛАР ӨТКІЗІЛДІ
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында осы апта қалалық мәслихат депутаттарының қоғамдық қабылдау өткізді. Халық қалаулыларының қабылдауына келген азаматтар инфрақұрылым, нақтырақ айтсақ, көшелерді жарықтандыру, сондай ақ, жұмыспен қамту, тұрғын үй кезегі, кәсіптік бағдара, әлеуметтік көмек мəселелерін көтерді.
Қалалық мəслихат депутаттары тұрғындарға заң аясында кеңес беріп, көтерілген өзекті мәселелер билікке жетіп, оның оң шешілуінің жағдайлары қарастырылатынын жеткізді.
Мәселен, Рыскүл апа баспанасының апатты жағдайда екендігін айтып, көмек сұраған болса, II топ мүгедегі Қуаныш Агбаев пен Айсұлу Ескермесқызы тұрғын үй кезегі бойынша сұрақ қойып, әлеуметтік көмекке мұқтаждығын жеткізді. Сол күні депутат Абзал Зейнетаев қоғамдық қабылдауда тұрғын үй мәселесін көтерген Қуаныш Агбаевтың жағдайымен танысты.
Ескі қалашықта тұратын жанұяның баспанасы әбден тозығы жеткен. Шатырынан су өтіп, қабырғалары құлаудың шақ алдында тұр. Осы шаңырақта Қуаныш егде жастағы анасымен тұрады. Қазір олар өз күштерімен баспаналарын жамап, паналап келеді.
Жанұяның қазіргі жағдайымен таныса келе, Абзал Скендірұлы тарапынан тұрғын үйдің шатырын және қабырғаларын жаңартуға көмек көрсетуге шешім қабылдады.
Ал қолөнерші Дүрия Нышанбайқызы кәсібін кеңейту үшін, тігін машинасы қажет екендігі жайлы айтты. Өтініш иесінің де мәселесі оң шешімін тапты.
Айта кетейік, қалалық партия ғимаратында халық қалаулылары күнделікті қоғамдық қабылдау өткізетін болады.