ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ АЛЮМИНИЙ БАНКАЛАР ШЫМКЕНТТЕ ШЫҒАДЫ
Қазақстанның үшінші мегаполисі Шымкенттің экономикасына ауқымды инвестициялар тартумен қатар, жоғары стандарттарға сай келетін өндірістерді дамыту көзделген. Соның бірі «QAZALPACK» зауыты – Орталық Азияда бірінші болып алюминий банка шығаратын бірегей жобаны жүзеге асырушы компания.
Ол Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриялық аймағы аумағында орналасқан. Зауыт нарықта көп сұранысқа ие, қақпағы бар алюминий банка шығарады. Қазіргі уақытта инвестициялық жоба толығымен жүзеге асырылып, қалыпты жұмыс істеуде. Зауыттың максималды өндірістік қуаттылығы жылына 500 миллион құты.
Кәсіпорын АҚШ-та жасалған жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған. Жоба құны 23,4 млрд теңгені құрап, 157 жаңа жұмыс орны ашылды. Қызметкерлердің барлығы арнайы оқу және тәжірибеден өткізілді.
Жоба аясында шырындарды, газдалған және газдалмаған алкогольсіз сусындарды бөтелкеге құю үшін әр түрлі көлемдегі қақпағы оңай ашылатын терең тартылған алюминий банкалар саудаға шығады.
Жоба қазақстандық алюминий контейнерлер нарығының 80%-на дейін қамтитын өндірісті дамытуды көздейді.
Маңызды фактор – экологиялық аспект. Алюминий құты әлемдегі ең тұрақты және қайта өңделетін қаптама болып табылады. Алюминий банкалардың жартысынан көбі қайта өңделеді және оларды тұрмыста қайта пайдалануға болады. «KazAlPack» ЖШС жобасы «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды. «Оңтүстік» индустриялық аймағында орналасқан бірегей жобаның ауданы 20 000 ш.м., компания өз өнімдерімен Қазақстан нарығының үштен бір бөлігін қамтып қана қоймай, республикадан тыс жерлерге де экспорттай алады.
Қазақстанның үшінші мегаполисі инвесторларды тарту және жаңа өндірістерді ашу бойынша көшбасшылардың бірі болып отыр.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі