Келешегі кемел білім ордасы

Қазіргі таңда еліміз – тарихы бай, келешегі жарқын тәуелсіз мемлекет. Біздің мемлекеттілігіміз өте ежелден бастау алғанымен, стратегиялық даму мақсаттары жолында бірлікті қажет етеді. Еліміздің азаматтық қоғамының қуаты, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық-саяси тұрақтылықтың іргетасы қашанда жастарға негізделген. Халқымыздың ғасырлар бойғы даналығы мен жастардың озық танымы мемлекеттіліктің қалыптасуының қиын кезеңдерінде ілескен түрлі қиыншылықтар мен сілкіністерді еңсеруге көмектесті.

Өткенге көз жүгіртсек, біз үшін ең қасиетті ұғымдар – тәуелсіздік, бірлік және даму. Қандай жағдай болмасын бұл үйлесімді дәйектіліктің бұзылмауын қадағалауымыз керек. Көрсетілген  тізбектің ең болмағанда бір буынын жоғалтып алсақ, мемлекеттілігіміздің бүкіл құрылымы бұзылатыны сөзсіз.

Еліміздің заманауи жастары – ХХІ ғасырдағы жаңа зияткерлік ұлтты құрудағы еліміздің сенімді тірегі болып табылады. Мемлекет басшысының әрдайым қайталап жүрген сол ұлттық жетістікті бүгінгі жастар жасай алады.

Еліміздің мемлекеттік жастар саясаты олардың көкейкесті мәселелерін тиімді шешу және олардың үміттерін ақтауы үшін заман талабына сай болуы керек. Өйткені заманауи жастар — бұл туғаннан тең мүмкіндіктерге кепілдік берілген адам және азамат екенін түсіну керек. Оның өмірдегі жетістігі жеке бастамасы мен дербестігіне, жаңашылдық пен шығармашылық жұмысқа қабілеттілігіне байланысты болмақ.

Біз болашағымызға деген үрейлі кезеңді еңсердік, енді жаңа дәуір – болашаққа сенім, батыл жоспарлар мен амандық дәуірі келе жатыр. Әрине, өткен кезеңге өз бағасын өскелең ұрпақ, тарих әлі де берер, бірақ қазірдің өзінде біз, біртұтас қазақ халқы ізгілік атмосферасын сақтап, ұрпақтарына аманат ете білдік деп мақтанышпен айта аламыз. Әрине, еліміздің жастар саясаты бұдан да ілгері, бұдан да жасампаз және жаңа қарқынмен жүруі керек. Біз біріншілердің жолын таңдап, жаңа жоғары технологиялық ел құру үдерісіне жетекшілік етеміз.

Еліміздің жастары – мемлекетіміздің дамуына барынша үлес қосу үшін білімге, тәжірибеге, технология мен ресурстарға қолжетімділігі жоғары ұрпақ.Кемел Тәуелсіздік пен гүлденген Қазақстанның болашағы – өскелең ұрпақты жан-жақты білімді, білікті, ұшқыр ойлы азамат етіп тәрбиелеп, дамытуда біздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінің де үлесі зор. Колледжіміздебүгінгі таңға дейін білім  алған  студенттердің басым көпшілігі, білікті маман болып бұл күнде  елімізді  өркендету  жолында  қызмет  етіп, қоғам  дамуына  өз  үлесін қосып келеді.  Колледжіміз мемлекеттік  стандартқа сай  кәсіптік білім беретін  іргелі оқу орны.

Колледжімізде 15 мамандық бойынша біліктілік беріледі. Атап айтар болсақ, 01140500 — «Дене тәрбиесі және спорт», 01140100 — «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша мұғалім, сондай ақ 02120200 — «Киім дизайны», 10130300 – «Тамақтандыруды ұйымдастыру», 04110100 – «Есеп және аудит», 07110500-«Мұнай мен газды қайта өңдеу технологиясы», 07130200-«Электрмен қамтамасыз ету», 07151400-«Түсті металдар», 07150100-«Машина жасау технологиясы», 07230100-«Тігін өндірісі және киімдері», 07230800-«Трикотаж, тоқыма, галантерея бұйымдар технологиясы», 06130100-«Бағдарламалық қамтамасыз ету», 07320100- «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», 07220100-«Құрылыс бұйымдары мен конструкцияларын өндіру» және 08410100 – «Ветеринария» біліктіліктері бойынша мамандар даярланады. Аталған біліктіліктер бойынша биылғы жылы мемлекетті аттестациядан өтті.

Колледжімізде білікті де, білімді мамандар даярлау, дуалдық білім беру жүйесін дамыту, материалдық-техникалық базаны заманауи құралдармен жабдықтау, студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар да өз жүйесін тапқан. Сондықтан болар, оқу орнын бітірген мамандарға әрдайым сұраныс жоғары. Жыл сайын колледж қабырғасында білім алған жас мамандардың 90 проценттен астамы жоғары оқу орындарына түсуі, жұмысқа орналасуы осының дәлелі деп айтуға болады.

Оқутышыларымыздың басты ұстанымы — өз еңбегінің сапасы мен нәтижесіне талап қоя білу, оқыту үрдісінде ұтымды, тиімді әдістерді шығармашылықпен игеру, студенттердің ғылыми-танымдық ойлау қызметін жандандырып, терең, берік білімді болуына ықпал жасау, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру. Сондай-ақ оқытушылар әр дайым білім беру саласындағы жаңалықтарды меңгеріп, оқу процесіне инновациялық тәжірибелерді енгізу мақсатында үнемі білімін жетілдіріп отырады.

Колледжіміздің түлектері арасында бірнеше спорт түрлері бойынша олимпиада чемпиондары, республикалық деңгейдегі спорт шеберлері бар.

Шымкентте жұмысшы және кәсіби мамандықты дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «WorldSkills Shymkent – 2023» Халықаралық чемпионатының аймақтық кезеңіне біздің колледжден 8 құзіреттілік бойынша қатысып, 6 құзіреттілігінен жүлделі орындарға ие болды. «Флористика» құзіреттілігі бойынша І және ІІ орынға ие болды. Қатысушылар  Датқабек Аружан, Анарматова Шахзода. Жетекшілері Ахметова А., Арыстанова С. «Ұщқышсыз ұшу аппараттарын басқару» құзіреттілігінен Сейілхан Нұрсұлтан ІІ орын, жетекшісі Қалдыбекова Г., «Кірпіш қалау» құзіреттілігінен Райхан Ғани  ІІ орын, жетекшісі Қонысбеков М., «Веб технологиясы» құзіреттілігінен Бабиров Диас ІІІ орын, жетекшісі Уралова С., «Плитка қаптау» құзіреттілігінен Киркинбай Серік ІІІ орын, жетекшісі Ерболат А., «Компьютерлікойындарға арналған 3D  модельдеу» құзіреттілігінен Абдрахимов Муаххид ІІІ орын, жетекшісі Искандеров Н.

Жоғары деңгейлі білімі бар,  ой-өрісі икемді, кәсіби оңтайлылығы, жеке және кәсіби шеберлігі бар, өзінің жеке стратегиясын құра  алатын, бәсекеге қабілетті  мамандарды  қалыптастыруға  жағдай жасау арқылы білім беру үдерісінің  тиімділігін мен сапасын  арттыру мақсатын ұстанған М.Әуезов атындағы ОҚУ  колледжінің  келешегі — кемел, бүгінінен  болашағы  жарқын!

 

М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің тарих пәні оқытушысы Ж.М.Молдасапарова, ағылшын тілі пәнінің оқытушысы А.Е.Ахмаханова

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.