Бүгін Елбасы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді
Бүгін Елбасы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сапар барысында Мемлекет басшысы бірқатар нысанды аралап көрді. Соның бірі Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы салынып жатқан зауыттың құрылысы. Зауытта жұмысшыларымен, жергілікті тауар өндірушілермен және өңірде жұмыс істеп жатқан шетелдік инвесторлардың өкілдерімен кездесті.
Қазақстан Президенті Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында әйгілі ойшыл, ұлы қобызшы Қорқыт Атаға арналған сәулет кешенін аралап көрді. Мемлекет басшысына мемориалды кешенде жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі жөнінде баяндалды. Мұнда салтанатты іс-шаралар өткізетін алаң жасалып, орталық аллеяда жаяу жүргіншілерге арналған қосымша жол салынған, сондай-ақ монумент маңы абаттандырылған.
Бұдан бөлек, Елбасы кешендегі музейде Қорқыт Атаның өмірі мен мұрасына арналған сирек экспонаттармен танысты.
Елбасы Қызылорда қаласының бас жоспарымен және оны толық жоспарлау жобасымен танысты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сол жағалаудағы құрылыстың эскиздері мен инвестициялық жел телімдерінің сызбасын көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары барысында «Арай» спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. Кешенде аквапарк, SPA орталығы, балаларға арналған ойын павильоны, коттедж қалашығы, аттракциондарды қамтитын ашық бассейндер, фитнес орталығы, сондай-ақ 500 адамға арналған балалар орталығы бар.
Елбасы облыс жастарымен және балалармен кездесіп, бейресми әңгіме өткізді.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары кезінде Байқоғыр қаласында Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысымен, сондай-ақ «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
– Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда Қазақстан Президенті өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Байқоңыр қаласын дамыту перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндалды.
– Қаланың болашағы зор. Қажетті инфрақұрылым дамып келеді. Қала газбен қамтамасыз етіліп, тұрғын-үй кешендері мен әлеуметтік нысандар салынатын болады. Сондай-ақ, жергілікті халықты жұмыспен қамту үшін бірлескен кәсіпорындар құру қажет, – деді Мемлекет басшысы.