ТҮРКІСТАН: ДАЛА ӨРТІ ҚАУПІНІҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛГЕН
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асанғали Төлепбергенов айтты.
Басқарма басшысының сөзінше, биыл 12 маусым күні Ордабасы ауданында «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінде» 2,5 га жер жанып, 1 орман өрті тіркелген. Өрт 17:40-та ауыздықталып, сағат 18:31-де толығымен сөндірілген. Қайтыс болғандар мен жарақаттанғандар жоқ.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 маусымнан бастап өртке жатпайтын жалпы көлемі 218 га 513 жану жағдайлары орын алған. Бұл өрттер адами факторлардың әсерінен орын алған.
– Өрттерді болдырмау мақсатында рейдтік іс-шараларды жүзеге асыру үшін облыс бойынша бірлескен мобильді топтар құрылған. Жыл басынан бері өңірде 171 рейд жүргізілді. Рейдтік іс-шаралар барысында өрт қауіпсіздігін бұзғаны үшін жалпы сомасы 984 500 теңгеге 74 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы орайда, облыс тұрғындарына айтарымыз, табиғат аясында яғни орманды алқапта демалыс кезінде, сіріңке мен темекі қалдығын сөндірусіз қалдыруға болмайды. Сөндірілмеген шоқ қалдықтарын, шыны ыдыстарды құрғақ шөптің үстіне, күн сәулесіне қалдыруға, рұқсат етілмеген жерлерде от жағуға тыйым салынады. Тез тұтанатын жанармай өнімдері сіңген маталарды тастамауға, ауыл шаруашылығы алқаптарында ақаулы техниканы пайдаланбауға кеңес беремін. Кез келген өртті байқаған жағдайда «101» нөміріне хабар беріңіздер, — деді Асанғали Мадиханұлы.
Өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекіту туралы заңға сәйкес, алау жағу, қалдықтар мен ыдыстарды өртеу ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 м қашықтықта жүзеге асырылуы тиіс. Осы ретте дала, орман өрттерінің алдын алу мақсатында өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл сайын мамыр және маусым айларында минералды жолақ жырту жұмыстарына бірінші кезеңде комиссия құрамында бақылау жүргізіледі. Биыл бірқатар кемшіліктер анықталып, облыстық әкімдікке ұсыныс енгізілді.
Айта кетейік, облыс аумағында орман дала өрті өтуі ықтимал 520 елдімекен бар. Оның ішінде 124 елдімекен орман қоры аумағына шекаралас, яғни 50 км дейін орналасқан. Олар — Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби, Отырар, Арыс, Ордабасы, Кентау, Шардара аудандарында.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі