ТҮРКІСТАН: СЫЛТАУ АЙТҚАН ӘКІМДЕР СЫНҒА ҚАЛДЫ
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша аудан, қалалардың рейтингі шығарылды. Өңірдің даму қарқынына мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында 2023 жылдың ІІ тоқсанының даму қорытындысы баяндалды. Жалпы рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар болып Отырар, Созақ аудандары және Арыс қаласы орналасты. Аутсайдерлер — Жетісай, Сауран аудандары мен Кентау қаласы. Аудан, қала әкімдеріне жоспарланған иникаторларға қол жеткізу бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің мәлімдеуінше, 6 айдың қорытындысымен негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім бар. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 446 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне өсім 105,7% құрады. Минералды және газдалған сусындар өндірісі +2,6%-ға, мақта талшығы 2,4 есе, мұнай өнімдерін өндіру +8,9%-ға және электрмен жабдықтау жүйелері +18,3%-ға артты.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 263,9 млрд. теңгені құрады. Аймақтағы мал саны артты. Мүйізді ірі қара мал саны – 1,4 млн. басқа жетіп, 105,4%-ға, ұсақ мал – 6,2 млн. басты құрап, өсім – 102,3%-ға, жылқы саны – 476,1 мың басқа, түйе – 42,7 мың басқа жеткен. Құстың барлық түрі – 2,1 млн. басқа жетіп, 15,9%-ға көбейген. Жалпы, мал шаруашылығы өнімдерінен ет және сүт өндірісі 3,2%-ға артқан. Инвестиция көлемі 295,5 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 8,8%-ды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 138,4 млрд. теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 102,4% құрады. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 4,2%-ға артып, жарты жылда 308,6 мың шаршы метр баспана тапсырылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 13 индикатор бойынша аудан, қалаларға рейтингтік бағалау жүргізілуде. Басым бөлігі бойынша жоспарланған межеге қол жеткізілді. Әкімдер арасында жұмыс орындарын құру, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны, азаматтар өтініштерін уақытылы қарау және шағын орта кәсіпкерліктің өнім шығарылымы бойынша көрсеткіштері сараланады.
– Жалпы бізде өсім болғанымен, аудандар арасында көрсеткіштер түсіп кеткен. Әсіресе қаражат көп бағытталатын оңтүстік аудандарда, Мақтаарал мен Жетісайда көрсеткіштер нашар. Жұмыс істеу керек. Маған сылтау айтудың қажеті жоқ. Бұл көрсеткіштер әкім жұмысының көрсеткіші. Сондықтан жоспардың орындалмауы – әр басшы үшін сын, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өнім көлемі бекітілген межеге Түлкібас, Кентау қаласы қол жеткізбеді. Өңдеу өнеркәсібінің жоспары Бәйдібек, Келес, Түлкібас аудандары және Кентау қаласында орындалмады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция межесі бойынша индикатор Қазығұрт, Бәйдібек аудандары және Кентау қаласында орындалмады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша жоспарға Сарыағаш, Ордабасы аудандары қол жеткізе алмады. Құрылыс жұмыстары көлемі жағынан Мақтаарал, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында жоспарлы межеге қол жеткізбеді. 6 айдың қорытындысымен 47 655 жұмыс орнын құру жоспарланып, нақты 46 220 жұмыс орны ашылды. Жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша Сайрам, Созақ, Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы және Кентау қаласында жоспарға қол жеткізілгенімен, міндетті зейнетақы төлемдерімен толық қамтылмаған, сәйкесінше межелік жоспар орындалмаған. Өзіндік кірістер жоспары барлық аудан, қалаларда орындалды. Шағын және орта кәсіпкерлік өнім шығарылымының жоспары Ордабасы, Түлкібас, Қазығұрт, Мақтаарал, Сайрам, Бәйдібек, Шардара, Жетісай аудандарында орындалмаған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі