Қазақстан футболдан Армения құрмасын жеңе алмады
Футболдан ӘЧ-2018 іріктеу турнирінің соңғы турында Қазақстан ұлттық құрама командасы Арменияны қабылдап, бір ұпай еншіледі, деп хабарлайды inform.kz. Ойынның бірінші таймын командалар бір-бірін аңдысумен бастады. Екі жақтың да аздап қобалжығаны байқалды. Әсіресе армяндардың қорғанысында түсініспеушіліктер көзге басыла бастады. Мұны 5 минутта біздің құраманың алғашқы дәл соққысынан да байқадық. Алайда Арменияның алғашқы қорғаныс шебін жарып өту қиынға соқты. Алғашқы қауіпті сәтті 9-шы минуттағы төте шабуылдан ғана көрдік, бірақ құрамамыз алғашқы бөлімде қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады. Есесіне армениялықтар голды қалай соғу керек екенін көрсетті. Ойынның 26-минутындағы кавказдықтардың қауіпті шабуылын Гейнриx Мxитарян шебер орындады. Нәтиже 0:1. Командалар осы есеппен үзіліске кетті. Ойынның 2-ші кезеңін Еркебұлан Тұңғышбаевтың орнына алаңға Сергей Хижниченконы шығарумен бастаған Қазақстан құрамасы ашық футбол ұсынды. Тайм басында алаң иелерінің шабуылдарына мазмұн кіргендей болды. Тайм басында біздің жігіттердің өткір шабуыл өтінен баспен соққан добын қонақтардың қақпашысы Бегларян қайтарып қалды. Бірақ 61-минуттағы ұйымдастырылған шабуылда 9-шы нөмірлі Бауыржан Тұрысбектің жұлдызы жанды, ол Мұртазаевтың көтерген пасын баспен соғып, есепті теңестірді. Өткен турда Польшадан талқандалған Арменияның капитаны Г. Мxитарян жанкүйерлеріне қалайда төгілген абыройымызды тіктейміз деп уәде берген болатын. Ол командасын жеңіс үшін алға бастай берді. Бірақ кейде оның тікелей «қамқоршысы» Байжанов, кейде Зиданның финтын әдемі қолданған Мұртазаев, енді бірде басқа ойыншылар үзіп тастады. Стадионға жиналған 12 мың жанкүйердің қолдауымен елге жеңіс сыйлауға ұмтылған біздің жігіттер де аянып қалған жоқ. Ойын тең нәтижемен аяқталды.