ТҮРКІСТАН: САРҚЫНДЫСЫ ТАБИҒАТТЫ ЛАСТАП ЖАТҚАН МОНШАЛАР РЕТТЕЛЕДІ

Түркістан облысындағы сарқындысы ашық жерге ағып, кір-қоңның суы табиғатты ластап жатқан моншалар жаппай тексеріледі. Осыған орай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Талап бір — қоғамдық моншалардың қожайындары кәріз жүйелерін ретке келтірулері керек. Мәселенің мән-жайы облыс әкімінің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте қаралды. Дархан Сатыбалды жыл соңына дейін барлық моншаларды заң талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізуді жүктеді. Және моншадан шыққан сарқынды сулардың көлеміне қарай модульді тазартқыш қондырғылары орнатылуы тиіс.

ЭжТҮКШ басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың баяндауынша, Түркістан облысының аумағында 41 емдік-ыстық су ұңғымаларына қосылған, яғни жер астынан шығатын ыстық судың үстіне кәсіпкерлер 69 жеке меншіктегі монша салған. Олардың ең көбі Отырар мен Келес, Сарыағаш және Ордабасы аудандарында орналасқан. Оның ішінде 16 монша кәріз жүйелеріне қосылған, 23 моншаның сарқынды сулары талапқа сәйкес емес септикке төгілуде. Кей моншалар Экология департаментінің рұқсатынсыз жұмыс жасауда.

Қалған 30 моншадан шыққан сарқынды сулар тікелей жер бедеріне ашық күйде төгілуде. Яғни, термалды судан пайда тауып жатқандар лас суды сүзгіден өткізетін қондырғы орнатпаған. Шайынды кәріз жүйесіне емес, далаға ағып жатыр. Жайылымға жеткен сабынды су малға, қоршаған ортаға және егістік алқаптарға зиян келтіруде. Бизнес өкілдеріне экологтар ескерту жасап, сүзгі орнатуды жүктеген. Алайда нәтиже жоқ.

— Жер астынан шыққан ыстық суды пайдаланып жатқан монша қожайындары жылына орта есеппен 100 млн теңгеге дейін табыс табады екен. Моншалардың әрқайсысынан тәулігіне 30-40 м3 шыққан сарқынды сулар арнайы септикке төгілмей, елді мекеннің маңындағы жергілікті жер бедеріне тікелей төгіліп, үлкен көлемде жиналуда. Экология департаментімен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен моншалардың иелеріне тазартылмаған сарқынды суларды жергілікті жер бедеріне төгуге тыйым салынғандығы жөнінде хабарлама беріліп, сотқа жолданған. Қазіргі таңда қаралуда,- деді басқарма басшысы.

Орталықтандырылған кәріз жүйелері болмаған жағдайда, жеке кәсіпкерлерге өз қаражаты есебінен талапқа сәйкес септиктер салу қажет. Кір-қоңның суы мерзімінде арнайы техникамен тасымалдап, рұқсат етілген орындарға төгу қажет. Монша қожайындарына кәріз-тазартқыш қондырғысын салу бойынша ұсыныс беріледі. Оларға «ҚР Экология кодексіне» сәйкес, моншаларды талапқа сәйкестендіру бойынша хабарлама беріледі. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында локалды кәріз-тазартқыш имаратын салу бойынша ұсыныс бар.

— Бұл проблема жылдар бойы шешімін таппай келе жатыр. Ешқашан қолға алынбаған. Тексерулерден еш нәтиже жоқ. Сондықтан бұл мәселе біржолата шешілеуі тиіс. Өңірдегі көптеген моншалар Экология департаментінің рұқсатынсыз жұмыс жасауда, сондай-ақ кәріз жүйесіне қосылмаған. Аталған кемшіліктерді монша иелері өз қаражаты есебінен жойып, санитарлық нормаларына келтіру қажет. Осы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Кәріз жүйелеріне қосылмаған моншаларға Экология департаментімен бірлесіп, заң аясында тиісті шаралар қабылдансын. Жыл соңына дейін барлық моншаларды заң талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілсін. Моншадан шыққан сарқынды сулардың көлеміне қарай модульді тазартқыш қондырғылары орнатылсын,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.