РУХАНИ АСТАНАДА МҰЗ САРАЙЫ АШЫЛДЫ
Шығыс әлемінің рухани алқасы саналатын Түркістан күннен-күнге мәдени және спорттық орындармен толыға түсуде. Әлбетте, мұсылмандар үшін дәрежесі биік шаһардың деңгейі барлық жағынан жоғары болуы тиіс. Мұнда шығыстың шынарларынан бөлек, өнердің өрендері өркен жайып, спорттың түлектері түрен салып, ақпарат айдынына айрықша көңіл бөлінгені қажет. Бұл айтылғандар бірте-бірте жүзеге асып келе жатыр. Енді Конституция күні қарсаңында Тұран төрінде заманауи «Мұз сарайы» пайдалануға берілді. Бұл түркістандықтар үшін қуанышты жайт.
Енді мұз сарайында жасөспірімдер мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трек спорт түрімен айналысуға қол жеткізбек. Қала тұрғындары мен қонақтары аптаның сенбі, жексенбі күндері жаппай сырғанаумен айналыса алады.
Мұз сарайының ашылу салтанатында ҚР мәнерлеп сырғанау спорты федерациясының президенті Елена Те, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен қатысып, түркістандықтарға жылы лебіздерін арнады. Іс-шараға қатысқандар игі тілекке разы болып, ду қол шапалақ соқты. Көпшіліктің қуанышында шек жоқ.
Мұз сарайының аумағы — 2 гектар. Аталмыш кешен — 1 мың 200 орындық.
Жаңа нысан жасөспірімдерді жаңа жетістіктерге жетелей берсін!
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.