«Қалаулымның» қазаққа берері қайсы?
Көптен бері көңілімде қоныс таппай жүрген үлкен ой қолыма қалам алып жазуыма мәжбүр болды. Көкейімдегі ащы да болса шындықты көпке айтуды, ортаға салуды жөн көрдім.
«Евразия» телеарнасында «Қалаулым» атты бағдарламаның көрсетіп жүргені белгілі. Әр күн сайын шығатын бағдарламаның атына айтар базына жоқ, бар әңгіме оның затында болып тұр. «Екі жасты қосқанның сауабы бар, дос арасын ашқанның обалы бар» дегендей, жүректерді қосар болса, құба-құп. Дегенмен, бағдарламаның ол мақсаты шетке ысырылып қалғандай. Кәусар сезімнің алдында бәріміз бас иеміз. Топты жаратын екі жасты жарастырғанға не жетсін…
Қазақ қызы өзге халықтардан күні кешеге дейін өзінің ұяңдығымен әркез ерек тұратын. Өкінішке орай, біз одан да айырылып барамыз. Қазіргідей емес, ер жігіттер қыздарымыздың белі түгіл білегіне қол тигізуге сескенетін. Әрине, мұнда екі жастың арасында болатын әр әңгімені ел алдында ұялмастан айтып, тіпті онымен біраз уақыт кездеседі де, «сезім пайда болмады» деп соғатынына не дерсің? Дені сау адам шынайы мөлдір сезімді осылайша қор қыла ма?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ елінің рухани оянуына аса мән берілген. Бұл процесс болса, басшылық тарапынан жасалатын шаралармен емес, әр адамның өзінен бастау алуы тиіс. Жаңғыру жайлы сөз болмас бұрын, ұлт құндылығын басты назарға алуымыз керек. Көнеден құлағымызға сіңірген мөлдір махаббат хикаяларын әзіл-қалжыңға, талғамсыз ток-шоуға айырбастағанымыз рухани азғындағанымызды көрсетпей ме! Ал, оның басында мемлекетіміздің ақшасын суға шашатын «Евразия» тұр.
Халқымыздың қадірменді қызы, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықовадан осы бағдарламаны көруді сұранар едік. Ұлт тізгінін ұстаған ел перзенті қазағының намысын таптатуға жол бере қоймас деп ойлаймыз. Халқының сүйіспеншілігіне бөленген әнші Аша Матайдың осы бағдарламаны жүргізетіні өкінішті-ақ. Дүние кімге керек емес. Дүние керек деп елге танымал ұл-қыздарымыз небір былыққа бата бере ме?
Бауырлас түркі елінің белгілі актриса қызы әлемге әйгілі: Голливудта «Біз кеудесін жалаңаштап киноға түсетін елдің қызы емеспіз» деп, миллиондаған долларды аттап кетіп, дүниежүзін таңғалдырды. Ал біздің қазақтың қыз-жігіттері болса, санасында саңлауы бар қазақ намыстанатын сорақылықты насихаттап жатқаны мынау.
Біз осы ноқта-жүгенді сыпырып тастап, жабайылануға кеткен жоқпыз ба? Ел сеніп, бетіне қарап отырған Мәдениет, Ақпарат министрлігінің басшылығы ай қарап отыр ма? Қазақты есер де, есуас етіп, ұлттық намысымызды таптауға жол берілмегені жөн.
Ұлжалғас Өскен