ТҮРКІСТАН: ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНҒАН

Өңірлік коммуникациялар қызметінде жылыту маусымына дайындық жұмыстар туралы брифинг өтті. Баспасөз мәслихатында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Орынбекұлы қысқа дайындық шаралары кестеге сай жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ, өңірлік штабтың тұрақты бақылауында екенін мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +80С-тан төмендігі туралы болжам болғанда аудан, қала әкімдері тиісті өкіммен жылу маусымын бастау жөнінде шешім қабылдайды. ҚР Құрылыс нормалары мен Ережелеріне сәйкес, өңірде жылыту маусымы 148 тәулікті құрайды.

– Облысқа жылыту маусымына қажетті көмірдің жалпы көлемі — 1 021,3 мың тонна. «ҚТЖ — Жүк тасымалы» АҚ-ң мәліметі бойынша, биыл 1 мамыр — 28 тамыз аралығында облысқа 212 мың тонна көмір жеткізілді. Көмір вагондары тұрақты келіп жатыр. Коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен 16 өңірлік оператор айналысады. Ол аудан, қала әкімдіктерімен анықталған. Қазір көмір сақтау қоймаларында 138,9 мың тонна көмір бар. Тек жергілікті көмір қоймаларынан көмірді сатып алып, жеткізу шараларын атқарса жеткілікті. Талдауға сәйкес, Шұбаркөл маркалы көмірдің орташа бағасы тоннасына — 15-24 мың теңге. Сондай-ақ, бағасы мен сапасына мониторинг жүргізіледі, — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, облысқа қажетті 2,2 мың тонна әлеуметтік мазутты ҚР Энергетика министрлігі тарапынан оператор мекемелері анықталып, бағасы бекітілді. Тасымалдау бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұдан өзге, Кентау жылу орталығындағы облыстық бюджет есебінен 4 қазандықты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, демеушілер тарапынан 4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтуде. Қазіргі уақытта демонтаж жұмыстары толық аяқталды. Жаңа құрылғыларды орнату жұмыстары басталып кетті. Ал жұмыстардың мерзімінде аяқталуы күнделікті бақылауда. Қазандықтың құрал-жабдықтарын әзірлеу, тасымалдау және орнату бойынша жұмыс кестесі бекітілген.

Облыстағы жылу желілеріне тұтастай техникалық зерттеу жүргізілген. Жылу желілерінің тозуы 46,5% құрап отыр. Оларды реконструкциялау бойынша 2025 жылға дейін іс-шаралар жоспары жасақталды. Қазіргі таңда, Кентау қаласындағы 4,7 шақырым магистральды жылу желілерінде жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда.

Брифинг соңында басқарма басшысы күз-қыс айларында көмірге қажеттілік күрт өсу салдарынан көмірдің мезгілінде жеткізілмеуі үлкен кезектілік және делдалдар тарапынан бағаны спекулиятивті түрде көтеріп жіберу қауіптері туындауы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, тұрғындарды қыс маусымы басталмай тұрып көмірді кезексіз сатып алуға шақырды.

Еске сала кетсек, облыста 35 жылу энергетика кешені, 2070 автономды қазандық, 676 денсаулық сақтау, 1275 білім, 323 мәдениет, 72 спорт, 9 әлеуметтік нысаны және 704 көпқабатты тұрғын үй бар.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.