Махамбет Өтемісұлы
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп.
Жабыдан туған жаман ат
Шаба алмайды бөжектеп.
Қырдан қиқу төгілсе,
Еділге таман үңілсе,
Арғымақтың баласы
Шабушы еді безектеп.
Жақсы менен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Алдыңнан шығар өбектеп,
Жаныңа не керек деп.
Жаманменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Басқа кетер бөлек деп.
Қолдан берер есептеп,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.
Ат — жігіттің майданы,
Қылыш — жанның дәрмені,
Өлім — хақтың пәрмені.
Атақты ермен бірге өлсе,
Жігіттің болмас арманы.
Өте шыққан қызыл гүл,
Бұ дүниенің жалғаны.
***
Ақ жұмыртқа, сары уыз,
Әлпештеп қолда өсірген,
Туған ұлдан не пайда,
Қолына найза алмаса,
Атаның жолын қумаса?!
Алаштың байлығынан не пайда,
Құланнан басқа ел таппай,
Қонарына жер таппай,
Маңқиған сары даладан
Екіндіде құлаған,
Тарығып келген ерлерге
Қайыры оның болмаса?!
Алтын тақты хандардың
Хандығынан не пайда,
Қаріп пенен қасірге
Туралық ісі болмаса?!