«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АРҚЫЛЫ КЕНТАУ, САУРАН, СОЗАҚ ӨҢІРЛЕРІ ГҮЛМЕН ЖӘНЕ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКПЕН КӨМКЕРІЛДІ
Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан «Таза өлке» апталығында абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауында.
Игі бастамаға Кентау қаласы да белсенділік танытуда. Қазіргі таңда қаладағы аллеяларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Орындықтар мен қоқыс жәшіктері тазаланып, сырланып, жарықшамдар қалпына келтірілді және талдардың түптері ағартылды. Қаланың кіреберіс келбетіне көрік беру мақсатында жерді өңдеп, жаңартып, қопсыту жұмыстары атқарылды. С.Сейфуллин көшесіне 5 мың дана раушан гүлі отырғызылды. Одан бөлек, көше қиылыстарына, аллеялар мен саябақтарға 20 мың дана раушан гүлін және 40 мың дана біржылдық гүлдер отырғызу жоспарлануда. Абай даңғылы бойындағы К.Жұмаділов атындағы аллеяға шырша, қарағаш көшеттері отырғызылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тарапынан 8500 түп қарағаш көшеттері үлестіріліп, «Жасыл аймақ» учаскесіне отырғызу жұмыстары атқарылды.
Сонымен қатар Сауран ауданының тұрғындары да белсенділік танытып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына кірісті. Аудан бойынша көгалдандыру, ағаштардың түбін қопсыту, отырғызу орындарын дайындау, сырт келбетін көріктендіру бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда. Наурыз айында Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің ішкі көшелерінің бойы мен іскерлік аумақтарға 25 мың түп қарағаш пен үйеңкі отырғызылды. Сонымен қатар Шорнақ мешітінің 3,5 гектар аумағына 1000 түп жеміс ағашы егілді. Алдағы уақытта тағы 26 мың түп ағаш көшетін егу жоспарлануда.
Созақ ауданы тұрғындары да республикалық акцияға жергілікті әкімдікке қарасты жауапты мекемелердің қызметкерлерімен бірге белсенді қатысуда. Бүгінде аудан орталығындағы «Абай» және «Тәуелсіздік» саябақтарына 2000-ға жуық көшет егілсе, Шолаққорған – Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына жаңадан егілген тал көшеттерінің саны 4000-ға жуықтады. Мұнда жаңадан егілген тал көшеттерін шарбақпен қоршау, тамшылатып суару қондырғысын орнату шаралары жүргізілуде. Аумағы 10 шақырымды құрайтын «Жасыл белдеу» аймағында бүгінге дейін егілген көшеттердің саны он мыңнан асты.
Айта кетейік, науқан 5 аптаға созылады. 6 сәуірден басталған игі шара 11 мамырға дейін жалғасын табады. Одан кейін осы жұмыстарды дағдыға айналдыру көзделген. Әр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаттары бар. 6-13 сәуір аралығында «Таза өлке» апталығы өтсе, 13-20 сәуір аралығында – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығында – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» апталығы, 4 мамырдан 11 мамырға дейін «Мөлдір бұлақ» апталығы өтпек. Жұмыстар қарқынды алғасын табады.