МАҚТААРАЛДЫҚ ӘКЕ ҚЫЗЫ ТӘРБИЕЛЕНЕТІН БАЛАБАҚШАҒА 200 ТҮП АҒАШ КӨШЕТТЕРІН СЫЙҒА ТАРТТЫ
Мақтаарал ауданының тұрғыны Қанат Иманүсенов қызы тәрбиеленетін Мырзакент кентіндегі «Шолпан» бөбекжай балабақшасына 200 түп ағаш көшеттерін сыйға тартты.
Көп балалы әке балабақша ұжымымен бірге көшеттерді отырғызу жұмыстарын жүргізіп, қызы тәрбиеленетін аумақтың жасыл желекке айналуына өз септігін тигізді. Балабақшаның тәрбиеленушісі Амандық Айым Қанатқызы да әкесіне ағаш отырғызуға көмек берді.
Егілген көшеттердің ішінде қарағаш, лигуструм, катальпа, сирия розасы сияқты ағаш көшеттерінің түрлері бар. Ардақты әке ағаштарды отырғызып қана қоймай, оның күтіп-баптау жұмыстарын да қолға алатынын жеткізді.
«Жұтып жатқан ауамыздың таза болып, өмір сүретін аумағымызды шаңнан қорғауда жасыл желектің пайдасы орасан зор. Өзім тұратын үйде, елдімекеннің аумағында үнемі көршілерімді, тұрғындарды ұйымдастырып, ағаш егу жұмыстарын жыл сайын жүргіземіз. Бүгін екінші қызым тәрбиеленетін балабақшада тал егу жұмыстарына ұйытқы болдым. Әрине, кез келген әке баласының таза, абаттанған жерде жүргенін, өмір сүргенін қалайды» — деді, Қ.Иманүсенов.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталғалы Мақтаарал ауданының тұрғындары тазалық жұмыстарын қолға алып, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын белсенді жүргізуде.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі