АЛМАТЫДА ЭЛИТАЛЫ КӨЛІКТЕРДІ ҒАНА ҰРЛАЙТЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҰСТАЛДЫ

Алматыда элиталы көліктерді ғана ұрлайтын қылмыстық топ ұсталды. Оның оны ер адам, біреуі әйел адам. Олар элиталық көліктерді ұрлауды кәсіпке айналдырған деп хабарлайды patrul.kz сілтеме жасаған NUR.KZ.

Айта кететіні, аталмыш қылмыстық топтың барлық мүшелері қылмыстарын алдын ала мұқият жоспарлап, өте тыңғылықты әрекет еткен. Қаскөйлер тек қымбат жол талғамайтын көліктерге көз тіккен. Автокөлік қылмыстарын ашу бөлімінің қызметкерлері жүргізген кешенді жедел іздестіру және арнайы іс-шаралар нәтижелері көрсеткендей, қылмыстық жолмен табылған көлікті олар алдын ала жалға алынған гараждарға жасырған. Кейбір болжамдар бойынша, ары қарай қылмыскерлер автокөліктердің тораптары мен агрегаттарының деректерін өшіріп, оларды сатып отырған.

«Олардың әрқайсысының атқаратын міндеттері болған. «Штаттарының» құрамында ұйымдастырушы, ол есепші және ақшалай қаражатты бөлу міндетін де атқарған, орындаушылар және олардың көмекшілері, міндеттеріне айдап әкетуге қолайлы автокөлікті іздеп табумен айналысатын бақылаушылар, сондай-ақ ұрланған көлік тұрған гаражды күзететін қарауыл мен өткізушілер болған.

Айтқандай, ұрланған автокөліктердің біріне сатып алушы да тез табылған. Ол машинаның ұрланған екенін біле тұра, оны 13 мың долларға сатып алып, оңаша жерге тығып қойған»,- деп мәлімдеді осы топ мүшелерінің қылмыстық кәсібінің мән-жайы туралы Алматы қаласының ІІД Криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жанболат Зиадин.

Күдіктілер мен сатып алушы қазір ІІД-нің уақытша қамау изоляторына қамалды. Қазір олардың басқа да осы іспеттес оқиғаларға қатыстылығы тексерілуде.

Сондай-ақ криминалдық полициядағылардың айтуынша, бөлімше қызметкерлерімен осы қылмыстық топтың екі мүшесі өткен жылы осындай қылмыстары үшін қолға түсіп, сот үкімімен олар шартты түрде бес жылға сотталған болатын.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.