ГАУҺАР АНА ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Қазақ даласында аналарымызға арналған тарихи ескерткіштер де өте көп. Мәселен, Домалақ ана кесенесі, Айша бибі мазары, Қарашаш ана, Гауһар ана кесенесі және т.б. Әр ескерткіштің өз тарихы бар.
Түркістанның оңтүстік-шығыс бөлігінде анадайдан мен-мұндалап Гауһар ана кесенесі көзге түседі. Гаухар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Йассуидің қызы. Анамыз туралы жазылған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, емшілік қасиеті ерекше жан болған деседі. Әлі күнге дейін ана кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі. Қожа Ахмет Йассауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар деген аңыздар да бар. Гауһар анамыз әкесі жерасты қылуетіне түскен кезде өмірден өтеді. Қылуеттен күн шуағына шықпау үшін Йассауи бабамыз қызының мазарына барып тұру үшін жерасты жолын салған деседі. Бірақ тарихи деректерде жерасты жолы туралы мағлұмат көп кездеспейді.
Аңыз-әңгімелерде ГауҺар ананың баласы болмағанын айтады. Әкесі «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі. Ана өмірден өтерінде: «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп аманаттаған екен. Гауһар ананың інісі Ибраһим халық өздері қазған құдықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген екен. Нақақтан-нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың мазары жатыр. Деректерде, анамыздың ақылы көркіне сай ерекше жан болғандығы айтылады.
Гаухар ана кесенесі – өте көне ескерткіштердің бірі. Тіпті, патшалық Ресей кезінде ескерткіш мүжіліп, жартысы құлап қалған екен. Кейін ел тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта кесене тұрғызылды.
Бүгінде Гаухар ана кесенесіне келушілер нөпірі өте көп. Олардың көбі дертіне шипа іздеп келеді. Талай жанды емдеп, ауруынан айықтырған қасиетті ананың шарапаты тисе деп тілейді. Тіпті кейбіреулер дертінен құлантаза айығып кетіп жатады. Бұл не құдірет? Табиғаттың тылсым сыры ма?
Бұл бізге белгілі мағлұматтар ғана. Одан бөлек, мұндай көне ескерткіштердің тарихы көп жазылмаған. Еліміздегі тарихи ескерткіштер туралы аңыз-әңгімелер айтылғанымен, нақты деректер жоқтың қасы. Гауһар ана кесенесінің жанындағы құдықтар қалай пайда болды? Адам жанына шипа болатын қасиетті суды медициналық орталықтарда пайдалануға бола ма? Осыны зерттеп көрген біреу бар ма? Бізді жиі мазалайтын ой осы…
«Айқын».