ОҚО-ДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ АЛЛЕЯСЫ АШЫЛДЫ
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Шымкент қаласының «Абай» саябағында елімізде алғаш рет Медицина қызметкерлерінің аллеясы пайдалануға берілді.
Бұл аллея Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «Оңтүстік» медицина қызметкерлерінің қоғамдық бірлестігінің» бастамасымен бой көтерді.
Аллея үш бөліктен тұрады. Бірінші таста Қазақстан Республикасы дәрігерлерінің антынан үзінді келтірілген. Екінші үлкен таста қазақтың алғашқы шипагері 95 жыл ғұмыр кешкен, осыдан 525 жыл бұрын өмірден өткен, халқымызға өшпес мұра қалдырған, денсаулық саласында өз заманының тарланы болған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының мүсіні орнатылған. Ал үшінші тас белгі өзгені құтқарамын деп өз жанын пида еткен медицина қызметкерлеріне арналған.
Өткенді жаңғыртып, еске алатын ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Ж.Түймебаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының бірінші орынбасары Н.Жолдасов, облыстық мәслихат депутаттары мен медицина қызметкерлерінің ардагерлері, облыстық, қалалық және аудандық ауруханалардың бас дәрігерлері, медициналық жоғары және орта білімді оқу орындарының қызметкерлері мен студенттері қатысты.
Бұл ескерткіш бүкіл Оңтүстік өңірінің медицина қызметкерлерінің ынтымағы мен бірлігін айғақтайтын «символ» екенін айтқан аймақ басшысы ескерткішті орнатуға үлес қосқан барша азаматтарға алғысын білдірді.
Демеушілердің есебінен салынған бұл аллеяға танымал сәулетші Асқар Мамырбаев, мүсінші Әбдікәрім Ахметов және құрылысшы Руслан Искаковтың еңбектері сіңді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі