ШЫМКЕНТТЕ «ШАТҚАЛ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША 55 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛҒАН
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен қолға алынған жобарының бірі – «Шатқал» бағдарламасы сәтті жүргізіліп келеді. Содан бері бос жатқан сай-салаға көшеттер егіліп, саябаққа айналуда.
Биыл облыс орталығы Шымкент қаласындағы 7 шатқалда осы уақытқа дейін 55 мыңға жуық көшет отырғызылған. Сондай-ақ, шатқалдағы көшеттердің жайқалып өсуі үшін жыл басынан бері 17 ұңғыма қазылып, 26 су қоймасы жасалды. Сол арқылы 30 шақырымға жуық суғару жүйесі тартылған. Шатқалдарға 16 шақырым қоршау орнатылды. Айта кетерлігі, Шымкент қаласындағы шатқалдардың жалпы аумағы 124 гектар жерді құрап отыр.
Қазіргі уақытта шатқалдарда тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, көшеттерді күтіп-баптау үшін әрбір шатқалда тұрақты мамандар жұмыс істейді Жалпы егілген көшеттердің өнімділігі 75 пайызды құрайды. Оның арасында табиғи қурау процесі бар. Мамандардың айтуынша, бұл жоғары өнімділікті көрсетеді.
Мәселен, қазіргі таңда Шымкент қаласында Өтегенов көшесіндегі шатқалда «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің қызметкерлері 15 мыңдай көшетті отырғызуда. Бұрын қоқыс алаңына айналған сай — болашақта жайқалған баққа айналмақ!
Анықтама үшін: жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде «Шатқал» бағдарламасы жер-жерде қолға алынғалы бері өңірдің аудан, қалаларында аталған бағдарлама аясында 400 мың түптен астам жасыл желек егілген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі