ОҚО-ДА АСТАНАНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ АШЫЛДЫ

ОҚО мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, ОҚО Суретшілер одағы және ОҚО Бейнелеу өнері музейінің ұйымдастыруымен, Астана қаласының 20 жылдығы және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған ОҚО Бейнелеу өнері музейінің 2017 жылдағы қорытынды көрмеcінің ашылу салтанаты өтті.
Көрмеге облысымыздың танымал суретшілері, музей іс-шараларына белсенді қатысатын ҚР Суретшілер Одағының мүшелері, Қолөнершілер Одағының шеберлері, ҚР Мәдениет қайраткерлері қатысты. Көрмеде Қ.Нұрбеков, Ұ.Көшкінбаев, Ә.Айдосов, А.Оспанов, Б.Сабаев, Ш.Алимкулова және тағы да басқа көптеген қылқалам шеберлерінің кескіндемелік шығармаларын, қолөнер шеберлері Б.Симованың, М.Мырзаевтың, Бейісбековтар отбасының, Я.Әуелбековтың, т.б. қолөнер шеберлерінің шығармашылық туындыларын тамашалауға болады.
Шара барысында студенттер мен әуесқой шеберлер де өздерінің туындыларын қою мүмкіндігін иеленді.
Көрменің мақсаты – суретшілер мен шеберлердің жыл бойы жасаған шығармашылық туындыларын таныстыру және бүгінгі бейнелеу өнеріміздегі рухани құндылықтарды насихаттау.
Көрмеге — кенепке майлы бояумен түрлендіріп салынған пейзаждар, Астана қаласының 20 жылдығына арналған композициялар, гобелендер мен сәндік-қолданбалы өнер түрлерінің еркін тақырыпта 110 ға жуық жұмыстары қойылды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.