Қазақстанда өзіңізге ұнаған көлік нөмірлерін таңдап алуға болады
Қазақстандықтардың сандары да, сонымен қатар әріптері де бірдей көліктің әдемі нөмірін таңдап алуына мүмкіндік туды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының Ішкі істер министрлігімен бірге 15 қаңтардан бастап осындай қызметті іске қосты.
Қазақстандық автожүргізушілер мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері арқылы симметриялық нөмір белгілерін таңдай алады. Бұл үшін азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) өтінімдерін рәсімдеп, мемлекеттік алымды төлеулері тиіс.
«2014 жылдан бастап автокөлік иелері ел арасында «айна нөмір» деп аталатын симметриялық нөмірлерді сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізген еді. Енді азаматтар ақылы түрде сандар мен әріптерді өз қалауынша қиыстырып ала алады», делінген хабарламада.
Мысалы, тілек білдірушілер 010, 020, 030, 077, 707 сияқты жоғары сұранысқа ие нөмірлерге АЕК-тің 5 700% көлемінде төлейді, ал осындай таңдаулы сандарға қоса әріптердің де симметриялы болғанын қаласаңыз, оның құны — АЕК-тің 11 400% көлемінде.
Айта кетерлігі, 2017 жылы жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 4 500-ден астам таңдаулы нөмір сатылған.
Сондай-ақ, егер азаматтың қалаған нөмірлік белгісі базада болмаса, онда қажетті мемлекеттік алымды төлеп, мамандандырылған ХҚО арқылы тапсырыс беруге болады.