Анасыз бойжеткен

Жайма шуақ көктемнің кезі еді. Төбесінде күн жадырап тұр. Саябақтың іші у да шу. Табиғатпен бірге жаңа оянғандай адамдардың бәрі жинала қалыпты. Аяжанның көзі қыздарының қолына тәтті мақта ұстатып, суретке түсіріп жатқан әкесі мен анасына түсті. Жанарынан мөлдіреп жас тамып келе жатып мырс етіп күледі. Бір сәт өзінің балалық шағы көз алдына келді. Ол да бақытты еді-ау. Дәл мына қолына мақта ұстаған қыз сияқты.

Анасы барда солай болатын. Аяжанның төрт құбыласы тең алаңсыз күндері еді. Дүниенің бар- жоғын түгендеп тұрған анасы екен. Анасы кеткелі Аяжанның өмірінде ешбір мән қалмады. Барлық қиындық осы талдырмаш қыздың бойына үйіріліп алғандай-ақ.

Қырсық бір айналса, шыр айналдырады екен ғой. Бүгін емтиxаннан (ҰБТ-дан) аз балл алғаны мынау. Енді, бар тірлігінен мін іздеп, қит етсе түртпектеп күн көрсетпейтін өгей ана қалай қарап қалсын. Өзімен қатарлас Ұлжан да осы алған ұпайды алды. Сынақ біте сала анасы Ұлжанның алдынан шығып: — Қызым, әкең бар, шешең бар, неменеңе жылайсың, оқытамыз,- дейді.

Сырттай қарап тұрған Аяжан үйіне барғанда өзін бұлай қарсы алмасын сезіп тұр. Қорқады. Үйге барар жолдан кері бұрылып, өзінің жанына жайлы орнын іздеді.

Аяжан анасының мазарының басында отыр. Жылауды доғарған. Бар өксігі ішінде. Қыз анамның руxы қиналмасын деп бар шерін түйдектеп, булығып әзер отыр.

— Анашым, сені сағындым! Айтпақшы, өрік ағашы гүлдеді ғой,-деді де саябақта үзіп алған гүлін бейіт басына ерекше ықыласпен қойды. Топыраққа басын қойып қыз біраз жатты. Кенет, басынан ыстық алақанымен біреу сипап өткендей болды. Жоқ, анық солай! Бұрын Мәрия анасы шашын өріп, басынан сипап, мектебіне шығарып салушы еді ғой. Дәл сондай ыстық леп сезілді.

Аяжан анасымен қауышқандай қуанышты. Жаяу, езуіне күлкі үйіріліп келе жатыр. Тек бұл да үйге қайтар жол емес еді. Мазар маңында өзен болатын. Қыз көпірге жете сала, «гүмп» ете түсті. Көрген, байқаған тірі жан жоқ. Қыздың көгілдір жұқа шәлісі ғана су бетінде қалғып жүзіп барады…

 

 Әсмира  Жайшыбек, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналис­тика факультетінің 1-курс студенті

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.